Спорт

Петропавлда самбо күресінен ҚР чемпионаты басталды

Асылбек Какенов – самбо күресінен ҚР еңбек сіңірген бапкері

– Негізі бұл жарыс Азия мен әлем біріншілігіне іріктеу болып табылады. Сайыста бірінші орын алғандар ел намысын әлемде қорғаса, екіншілер азия чемпионатында бақ сынасады.

Жарыстың алғашқы күнінде 136 спортшы мықтыны анықтайтын болады. Олардың барлығы 44 пен 87-ден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Серік Нұрғалиев – ұлттық дәрежедегі төреші

– Жалпы бұл спорт көп күшті қажет етеді. Түрлі әдіс тәсілдермен қарсыласын тізе бүктіру қажет. Егер спортшы өз қарсыласының жауырынын жерге тигізіп 10 секунд ұстаса онда 4 ұпай, ал 20 секунд ұстаса онда 8 ұпай беріледі.

Боз кілемге алғашқылардың бірі болып 48 келі салмақ дәрежесіндегі Ақмола облысының спортшысы мен көк жейде киген жамбылдық Ернар Үсіпұлы шықты. 4 минутқа созылатын тартысты белдесу қызыққа толы болды. Қос самбошыда осалдық танытпай, бір-бірінен айлаларын асыра алмауда. Дегенменде, самбо күресімен 5 жыл бойы айналысып келе жатқан жамбылдық спортшы бапкердің нұсқауларын ұтымды пайдаланып, қарсыласын шаң қаптырды.

Ернар Үсіпұлы – жарысқа қатысушы, Жамбыл облысы

– Кездесу оңай болған жоқ. Қарсыласым мықты. Алда әлі 4 белдесу бар. Жеңімпаза атануға үмітім бар.

Кейін дәл осы салмақ дәрежесінде қызыл жейде киген солтүстікқазақстандық Айдар Есмұханов пен Жамбыл облысының самбошысы Дәурен Көкпетов шықты. Жарыстың өз жерінде өтіп жатқаны біздің спортшы үшін үлкен қолдау болды. Жанкүйерлердің демеуінің арқасында Айдар кездесуін ұзаққа созбай, қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, 8-0 есебімен таза жеңіске жетті. Жалпы бұл жарыс 15 ақпанға дейін жалғасады. Чемпионаттың қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және де медальдармен марапатталады.

 

Риат Шони.