МТРА жаңалықтары

Он саусағынан бал тамған өнер иесі

Вячеслав Ширшиков – СҚО ІІД тылдық қамтамасыз ету басқармасының жүргізушісі

– Бала кезімде әкеме қарап қызығатынмын. Ұшақ жасауды 2007 жылдан ермек етіп, үлгілерді жасай бастадым. Қазір қыс уақытында әуе кемелерін жасап, ал жаз мезгілінде аспанға ұшырамыз. Жалпы ұшақтарды жасау қиын емес. Интернеттен түрлі модельдердің сызбаларын алып, соларды әзірлейміз.

Дәл қазір Вячеслав “Плотник” атты ұшақтың үлгісін кеңес үкіметі кезінен қалған сызбаларға сүйеніп жасау үстінде. Оған шамамен 1 айдан астам уақыт кетеді. Ал бұл клубта Вячеславпен бірге оның әкесі Валерий Ширшиков та ұшақ үлгілерін әзірлеумен әуестенеді екен. Өз ұлын бұл ермекке қызықтырған осы кісі деп айтуға болады.

Валерий Ширшиков – Вячеслав Ширшиковтың әкесі

– Мен мұнда әр кезде келемін. Кейде апта сайын, не болмаса жұмасына бір рет. Жалпы өзім ұшақтың үлгілерін жасаумен 8-ші сыныптан бастағанмын. Бұл үйірмеде менің екі-ақ самолетім бар. Біреуін жуырда жасағам, ал екіншісін Талдықорғаннан әкелдім.

Жалпы “Тұлпар” балалар-жасөспірімдер клубы өзінің тыныс тіршілігін осыдан үш жыл бұрын бастаған. Бүгінде мұндағы үйірмеге 20-ға жуық жеткіншек пен 4 ересек адам келеді.

Наиль Сагитов – ұшақ үлгісін жасау үйірмесінің жетекшісі

– Үйірмеге балалар көптеп келе бермейді. 21 -ші ғасыр – технологияның қарыштап дамыған кезі ғой. Барлығы компьтердің алдында. Десе де, ұшақты құмартқан жандар бар. Бізге келіп түрлі үлгілерді әзірлеп, аспанға ұшырады. Ал оларды жасайтын бөлшектерді Қытайдан тапсырыспен аламыз, не болмаса пайдаланылмай қалған қозғалтқыштарды пайдаланамыз.

Ұшақ үлгісін әзірлеумен айналысатындардың айтуынша материалы пенопластан дайындалған модельді жасауға бір апта, ал ағаш үлгісіне 4-5 ай көлемінде уақыт кетеді.

– Ал бұл әйгілі чехославакиялық “Zlin” ұшағының түп нұсқасы. Самолеттің салмағы шамамен 2,5-3 келі. Кабинаның іші шынайы. Жасау барысында барлығы егжей-тегжейлі қарастырылған. Қазір бұл ұшақ “Тұлпар” клубының раритеті болып саналады. Өйткені оның жасы 35-тен асқан.

 

Риат Шони.