Мәдениет

Жерлес әншілер халықаралық жарыстан жүлделі оралды

Бұл “Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат” кешені жанынан құрылған “Вдохновение” вокалдық ансамблі. Ұжым таяуда Ресейдің Омбы қаласында өткен халықаралық байқауда өңір намысын қорғап, жүлделі оралды. Айтар болсақ, олар академиялық вокал номинациясы бойынша кіші және ересектер тобында 2, 3-дәрежелі дипломға қол жеткізген. Әншілерге жүлдегерлер қатарынан көріну үшін біраз тер төгуге тура келіпті.

Алла Лукьянова – “Вдохновение” вокалдық ансамблінің көркемдік жетекшісі

– Конкурсқа қатыспай тұрып қандай вокалдық әнді шырқау керектігін мұқият талқыладық. Фестивалде біздің ұжым 4 ән шырқаған еді. Оның екеуі қазақ, ал қалған екеуі орыс әндері.

Сондай-ақ, халықаралық өнерпаздар бәйгесінде теріскей атынан жас вокалистер де ән шырқады. Руслан Мұстафин халықаралық маңыздағы фестивалге алғаш қатысыпты. Әнші жігіт 3-ші дәрежелі диломға ие болған.

Руслан Мұстафин – фестиваль-байқауының 3-ші дәрежелі диплом иегері

– Вокалдық әнді тиісті деңгейде орындап шықтым. Оңай болды деп айта алмаймын. Қарсыластар мықты, шеттерінен шебер, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар.

Халықаралық байқау соңында жерлес өнер иелеріне дилом және грамоталар табысталыпты. Жергілікті вокалдық ансамбль ұжымы мен жас вокалистер осы жетістіктерімен шектеліп қалмақ емес. Олар әрі қарай кәсіби шеберліктерін шыңдап, өнер жолында биіктерді бағындыра бермек.

 

 

Бакыт Садуакасов.