Өнеркәсіп

“Молсервис” ЖШС өнім көлемін арттырмақшы

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап өңірде сүт өндірумен айналысып келе жатқан “Молсервис” ЖШС-нің басшысы Сергей Чепурко Елбасының кәсіпкерлерге деген сенімі мен қолдауына зор жауапкершілік танытудамыз дейді.

Сергей Чепурко – “Молсервис” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы

– Ел Президенті бизнеске байбаламға түсудің қажеті жоқ екенін ескертті. Сондай-ақ, жалақыны төмендетпей, жұмысшыларды қысқартпауды айтты. Біз бұл тапсырманы орындауға дайынбыз. Ең бастысы – Ресей және Белорусьпен бағасы бойынша бәсекеге төтеп бере алатын өзіміздің отандық өніміміз болуы қажет.

Қазір Бескөлдегі “Молсервис” кәсіпорны өндіріс қуатын арттыруда. Мұнда 123 адам еңбек етуде. Олардың қолдарына алатын жалақысы былтыр 8 пайызға көтеріліп, бүгінде орташа алғанда 98 мың теңгені құрап отыр.
Кәсіпорын сүттің мол кезі – жаз айларында тауардың 18 түрін жасаса, қазір қыста 10 аталымын шығаруда. Зауыт тәулігіне 17 тонна сүт өңдейді. Барлық үрдіс толығымен автоматтандырылған. Соңғы 5 жылдың ішінде кәсіпорын бірқатар құрылғыларын жаңартқан. “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 100 млн теңгеге жуық субсидия алыпты. Цехтағы құрылғылардың барлығы – еуропалық. Заманауи аппараттардың арқасында жұмысты жылдам әрі нақты орындауға мүмкіндік туып отыр. Бірақ, техника болғаннан кейін бәрібір адамның қатаң бақылауы қажет. Мұнда әрбір құрылғының қасында оның жұмысын білікті маман қадалағап тұрады. Мәселен, мынау сүтті өлшеп, түйетін франциялық машинаның құны – 500 мың еуро. Ол сағатына 470 қапшық сүт әзірлейді.

Мұнда шығарылатын тауардың сапасы да жіті бақылауда. Шикізат пен өнімнің дұрыстығын тексерумен 5 лаборант айналысады. Соның бірі – Елена Семенова. Ол зауытта 15 жыл жұмыс істейді.

Елена Семенова – “Молсервис” ЖШС зертханашысы, Қызылжар ауданы

– Бізде шикізат түскеннен бастап дайын өнімнің шығарылғанына дейін тексеріледі. Ашыту барысының тазалығы қадағаланып, барлық кезеңдердегі температура бақыланады. Бізде жасалған сүттің сақтау мерзімі 10 күн болса, айрандыкі – 7 күн.

Сапа жоғары болғаннан кейін, оған деген сұраныс та көп. “Молсервис”-тің тауарлары көтерме бағамен зауыттың Бескөлдегі дүкенінде сатылады. “Радуга” ЖШС-нің қызметкері Дмитрий Стешин кәсіпорынның жұмысшыларына аптасына 300 қапшық сүт алып тұрады.

Дмитрий Стешин – “Радуга” ЖШС қызметкері, Қызылжар ауданы

 

– Біз бұл кәсіпорынмен жұмыс істеп жатқанымызға 1 жыл толды. Көбінесе, өзіміздің жұмысшыларымызға бұлардан сүт аламыз. Өнімдерінің сапасы өте жақсы. Ұзақ сақталады.

“Молсервис” кәсіпорны тауарларын әзірге, Ресейге тасымалдамаса да, Қазақстанның 4-5 облысына саудалайды. Серіктестік өткен жылы 5 мың тоннадан астам өнім әзірлесе, биыл өнім көлемін 6 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Данаш Хамзина.