МТРА жаңалықтары

Өрт қауіпсіздік ережесін сақтамаудың арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін

Асқар Мұқышев, СҚО ТЖ бойынша мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бөлімінің бастығы

– Тәжірибе көрсетіп отырғандай өрттің көбі жылыту құрылғыларын дұрыс қолданбаудан болып отыр. Еске салайық, пешті жаққанада тез тұтанғыш бензин, керосинді қолдануға болмайды. Бір жерге кетсеңіз де, пешті қараусыз қалдыру қауіпті. Пешті көп жағуға да жарамайды. Газ баллонын қосар алдында тексеріп тұрыңыз.

Жыл басынан бері өңірде барлығы 81 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 35%-ға төмен. Айтпай келетін апаттың дені жеке тұрғын үй секторларында орын алған.
Сондай-ақ, мамандар биыл Жұмысшы, Заречный, Береке аудандары, Ойқала мен Былғары зауытының тұрғындарына су тасқынына қарсы шараларға ерте бастан қамданған дұрыс дейді. Себебі, биыл қар орташа жылдық шамадан 3 есе көп түсті.

Азамат Орымбаев, Петропавл қалалық ТЖ бойынша басқармасының бастығы

– Біз өңір жетекшісінің тапсырмасына сәйкес облыс бойынша су тасқынына қарсы шараларға тиянақты жоспар құрып қойдық. Аталмыш шараға жергілікті қазыналардан 12 млн. 400 мың теңге бөлінді. Апат болған жағдайда, құтқару жұмыстарына қар аршитын коммуналдық кәсіпорындар, су таратушы мекемелер және жол сақшылары тартылады.

Былтыр облыс орталығында 104 учаске судың астында қалды. ТЖ өкілдері тұрғындар осыдан сабақ алып ерінбей ауласындағы қарды дер кезінде тазалап тұруды ескертеді.

Берик Касен.