Ауыл шаруашылығы

Облыстағы астық қабылдау орындарына 663 миллион теңгенің субсидиясы берілген

“Астық Қабылдау Кәсіпорны ТНС Экспорт” элеваторы ашылған уақыттан бері еңбек етіп жатқан жас маманның бірі – Нұржан Өмірбеков. Білікті оператор қазірде білдей кәсіпорынның жұмысын қадағалап, тұтқасын ұстауда.

Нұржан Өмірбеков – “АҚК ТНС Экспорт” ЖШС басқарушы операторы

– Бұл басқару орталығы элеватордың жүрегі деуге болады. Барлығы автоматтандырылған. Тек процесті арнайы экраннан бақылап отырсаң болғаны.

Жаңа элеватор бірегей инновациялық технологиялармен жарақтандырылған еліміздегі ірі астық қабылдау кәсіпорны. Элеватордың жалпы сыйымдылығы 120 мың тоннаны құрайды. Нан қабылдау орнында дәнді дақылдардан өзге, майлы дақылдарды да сақтау қарастырылған. Нысанның құрылысына 8,7 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Сөйтіп, элеватор мемлекеттен ғимарат инфрақұрылымын өткізуге жұмсалған қаржының 21 миллион теңгесін қайтарса, оған қоса қондырғы сатып алуға 348 миллион теңге субсидия алған.

Дәурен Сепбосынов – “АҚК ТНС Экспорт” ЖШС директоры

– Агробизнес 2020″ мемлекеттік бағдарламасының арқасында біздің элеватор құрылысқа жұмсаған қаржының бір бөлігін қайтарып алды. Бұл біздің астық қабылдау кәсіпорны үшін аса маңызды. Сондай-ақ, мемлекеттік көмектің арқасында элеватордың материалдық-техникалық жағдайын жақсартып алдық.

Жалпы өткен жылы “Қазагромаркетинг” акционерлік қоғамы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қаржыландырған инвесторларға 663 миллион теңгенің субсидиясын төлеген. Мемлекет қолдауына ие болған облыстағы 4 астық қабылдау орындарының қатарында “ТНС Экспорт” элеваторы да бар.

Қанат Бейсенов – “Қазагромаркетинг” АҚ СҚОФ директоры

– 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы коммисияға 45 өтініш жолданды. Нәтижесінде аталған жобаларды қаржыландырған инвесторларға 663 миллион теңгенің субсидиясы төленді. Соның ішінде 416 миллионы астық сақтау орындарына қажетті қондырғыларды сатып алуға жұмсалды.

Облыстағы ірі астық қабылдау элеваторында қазіргі таңда 96 адам еңбек етеді. Олардың айлық табысы 80 мың теңгенің маңайында.

 

 

Бакыт Садуакасов.