Ауыл шаруашылығы

Дән тазалайтын қырман қайта жөндеуден өтті

Вадим Миндеев – “Оптимум Петро” ЖШС директорының орынбасары

– Біз кептіргіш қондырғы мен астық тазалау құрылғысын 7 жылға лизингке алдық. Қарызды 3-4 жылдың ішінде жауып тастауды көздеп отырмыз. Былтыр астықтың ылғалдылығы жоғары болды. Қондырғының арқасында астықты бір рет өткізгеннің өзінде 6-7 пайыз ылғалды төмендеттік. Өнімді толық кептіру үшін 4 сағаттай уақыт жұмсалады. Бұл элеваторлардың қызметінен әлдеқайда тиімді.

Шаруашылық басшысы 7 жылға лизингкке берілген қаржының үстемеақысынан 5 пайызын ғана өтемек, қалған 7 пайызын мемлекет субсидялауда. Сондай-ақ, аталған серіктестік өткен жылы “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамының “Мастер-лизинг” бағдарламасына да қатысыпты. Сөйтіп, тағы 1 комбайн, 1 күнбағыс майын жинайтын десте, 2 бірлік бүріккіш сатып алған.

Вадим Миндеев – “Оптимум Петро” ЖШС директорының орынбасары

– Мен теріскейлік қожалық жетекшілеріне ауыл шаруашылығы техникасын “ҚазАгроҚаржы” арқылы лизингке алуға кеңес берер едім. Қаржы институтының ұсынып отырған келісімшарттары тиімді. Осының арқасында әр шаруаға машина-техникалық паркін жаңарту мүмкіндігі бар.

Жалпы “ҚазАгрҚаржы” ұйымы арқылы облысымызға 60 миллиард теңге инвестиция құйылды. Қомақты қаражат есебінен 4 мың бірлік ауыл шаруашылық техникасы сатып алынған. Оған қоса өңірде ірі сүт-тауарлық фермаларын ашу, астық және көкөніс қоймаларының құрылысы сынды 30-дан аса инвестициялық жоба қаржыландырылған.

Бейбіт Сыздықов – “ҚазАгроҚаржы” АҚ СҚОФ директорының орынбасары

– 2014 жылы шамамен 9,4 миллиард теңгеге 383 бірлік ауыл шаруашылық техникасы лизингке берілді. Сонымен қатар жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба мақұлданды. 2015 жылдың жоспарларын айтар болсақ, өңірде инвестициялық жобаларды қаржыландыру, ауыл шаруашылық техникасын лизингке беру жалғастырылады. Сондықтан алдымыздағы егіс науқаны қарсаңында облысымыздың шаруашылықтарын қоғамымызбен белсенді ынтымақтастыққа шақырамыз.

Естеріңізге сала кетейік, өңіріміз жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың саны жағынан республикамызда көш бастап келеді.

 

 

Бакыт Садуакасов.