Спорт

Петропавлда әйелдер арасында волейболдан жоғарғы лига ойындарының 3-ші туры өз мәресіне жетті

Анастасия Эйникис – «Қуаныш» ВК капитаны

– Қарсыласымыз өте мықты. Бұл турға олар көш бастап келді. Біз осал ойнамаймыз. Барынша тырысамыз. Өкінішке орай бұған дейінгі бірнеше кездесулерде есе жіберіп алдық. Ал бүгін өз алаңымызда болғандықтан жеңіске жетуге тырысамыз.

Көп ұзамай соңғы ойын басталып кетті. Бұл кездесуде қос құраманың бірнеше негізгі ойыншылары алаңға шыға алмады. Алматылықтардың сапында екі нәзік жанды тұмауға байланысты өз әріптестеріне көмекке келмесе, жерлестерімізде шабуылшы Алтынай Мұқашева жарақатына байланысты кездесуді босатуға мәжбүр болды. Спортшылардың жоқтығы қатты сезілді. Бапкерлердің ойыншыларды ауыстырғаны жыртыққа жамау ғана болды. Жерлестеріміз үштікте ойнап қарсыластарының алаңына жойқын соққы бағыттағанымен, алматылық қыздардың қойған тосқауылдарын бұза алмауда.

Дегенмен де, біздің жерлестеріміз бапкердің берген кеңестерін пайдаланып, қарсыластарынан тиісті ұпайларын ала алды. Бірінші партияда қуаныштықтар есеп айырымын қысқартқанымен, тәжірибелі қонақтар басымдық танытып, алғашқы кезеңді 21-25-пен өз пайдаларына шешті.

– Кездесу тартысты өтуде. Қос команда жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Жерлестерімізден тек жеңісті күтемін.

–  Қуаныш командасы алғашқы партияда есе жіберіп алса, келесіні міндетті түрде ұтады. Бастысы осалдық танытпаса болды.

– Жерлестеріміз екінші партияны ұтады деп ойлаймын. Біздің қыздар осал емес.

Жанкүйерлердің қызу қолдауымен спортшы қыздар екінші кезеңді жақсы қарқынмен бастады. Қарсыластарының осал тұсын тапқан қуаныштықтар алға ұмтылды. Жойқын соққылар бағыттап, есепті еселей түсуде.

Кездесудегі қорытынды есеп протоколға 0:3 болып тіркелді. Бұл кездесуде «Қуаныш» командасының сапындағы орталық тосқауылшы Полина Костива үздік ойыншы атанса, қонақтарда 17 нөмірдегі Надежда Мячик ерекше марапатқа ие болды.

Надежда Мячик – «Алматы» ВК ойыншысы

– Мені кездесудің үздік ойыншысы деп танығанына өте қуаныштымын. Бұл мәртебені күтпеп едім. Біздің команданың сапындағы қыздардың барлығы осы атаққа лайықты. Бүгінгі кездесудегі қарсыласымыз мықты. Жақсы ойын өрнегін көрсетті. Дегенменде, оларға аздап сәттілік жетіспеді.

Сонымен теріскей жерінде өткен чемпионаттың үшінші турының қорытындысы бойынша көш бастап тұрған алматылықтар бес кездесуде бар-жоғы екі ойында жеңіске жетіп «шығыссвинецстройды» алға жіберіп алды. Бұл жарыста жанкүйерлердің көзайымына айналған сапында Татьяна Губайдуллинасы бар қостанайлықтар әзірше қарағандымен бірге сәйкесінше 3-4-ші орынды бөлісіп тұр. Ал Элина Надыршина бастаған оралдық «Грация kz» командасы турнирлік кестеде соңғы, яғни алтыншы орынға жайғасса, біздің жерлестеріміз олардан бір саты жоғары тұр. Биылғы чемпионды анықтау үшін командалар әлі екі кезеңді бағындыру қажет. Жоғарғы лиганың келесі 4-ші туры да үшінші секілді Петропавл қаласында 2-ші наурызда басталмақ.

Риат Шони.