Спорт

Әскери күш құрылымдары арасында волейболдан сайыс ұйымдастырылды

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры.

– Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына орай, біздер әскери бөлімдер, облыстағы ІІД, ҰҚК қосылып осындай сайыс ұйымдастырып отырмыз. Барлығының дайындықтары мықты, формаларына дейін бар. Қызық ойын болады деп ойлаймын.

Бірінші болып алаңға 66/37 әскери бөлімі мен әскери прокуратураның қызметкерлері шықты. Кездесу тартысты өтті. Екі құрама да бір-біріне дес бермеді. Дей тұрғанмен айла-тәсілдерді ұтымды пайдалаған 66/37 әскери бөлімінің спортшылары 3:1 есебімен қарсыластарын тізе бүктірді.

Талғат Әлібаев – ҚР Ұлттық Ұланы 66/37 әскери бөлімі құрамасының ойыншысы.

– Ойын тартысты өтті. Алғашында өзімізге бірнеше соққыны жіберіп алдық. Екінші партияда есеп басын теңестірдік. Үшінші кезеңде басымдық танытып, жеңіске жеттік. Алдағы кездесулерде де жақсы ойын өрнегін көрсетеміз деп ойлаймын.

Бұдан соң, төтенше жағдайлар департаменті мен Ішкі істер департаментінің спортшылары өзара бақ таластырды. Қос құраманың да дайындықтары мықты екендігі көрініп тұрды.

Дидар Мұқанов – Төтенше жағдайлар департаменті құрамасының ойыншысы.

– Командалардың барлығы физикалық тұрғыдан мықты жігіттер. Сондықтан сәттілік тілейміз командаға. Кім күшті, сол жеңеді.

Жалпы ойын қорытындысы бойынша 1-ші орынды Ішкі істер департаментінің спортшылары қанжығасына байлады. Күміс жүлдені Ұлттық қауіпсіздік комтеті департаментінің мамандары иеленді. Ал үздік үштікті төтенше жағдайлар департаменті тұйықтады. Жеңмпаздар арнайы кубоктармен марапатталды.

Джакупов Самат.