Қоғам

Қазақстан халқы Ассамблеясының жалауы өңір аудандарында да желбіреді

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылу рәсіміне қазақ, украин, белорусь, татар халқының өкілдері ұлттық нақышта өрнектелген киімдерін киіп, мерекеге жақсы көңіл-күймен келді.

Ерболат Бекшенов, Мамлют ауданының әкімі

 

– Қоғамда тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім сақталған және бекіген. Ұлтына, идеологиясына, дініне және басқа өзгешеліктеріне қарамастан, біз қазақстандықтардың ортақ тарихы бар бірыңғай және біртұтас отбасын қалыптастырдық.

Бүгінде Мамлют ауданында 30 ұлттың өкілі тұрады. 12 этномдени бірлестік бар.

Халида Бекчентаева, Мамлют аудандық татар этномәдени орталығының төрайымы

– Барлықтарыңызға саулық тілеймін. Осылай елімізде мәңгілік татулық-бірлік жасасын. Соғыс болмасын. Мереке құтты болсын!.

Мерекелік концерт қазақтың қара домбырасынан басталып, кейін шара украин биімен жалғасты. Осы күні әр конфесия өз тілінде ән шырқап, ұлттық биін биледі. Осыдан елімізде тұратын тілі, түрі, діні бөлек жандардың өз мәдениетін жақсы сақтағандығы байқалып тұр.

Ерғали Зиябек, Мамлютка қаласы мәдени орталығының режиссері

– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялануының бір себебі бұл қазақ халқының достастығын, бір шаңырақ астында сан ұлтпен тату-тәтті тұрып жатқанын айқындау, дәлелдеу.

Ерғали Зиябек бүгінгі шарада белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әнін орындады. Бұл шығарма байтақ елімізде тұратын барша халықтың екінші әнұранына айналғалы қашан.

Бейбітшілік, достық деген мағынасы терең сөздер әр елде басқаша айтылса да, оны жер жүзіндегі барлық адам тең түсінеді. Игілігі мол шараға қатысқан ауыл, аудан тұрғындары бір ауыздан елге мызғымас тыныштық пен береке тіледі.

– Концерт тамаша өтті. Әр ұлттың өкілдері өлең айтты. Еліміз, басшымыз аман болсын.


– Мереке жақсы өтті. Қазақстанда тұрмысымыз жақсы. Бастысы, елімізде соғыс болмасын. Біз қазір барлығымыз бірлікте тұрып жатырмыз. Ешқандай қысым жасалмайды.

Жаһандық дағдарыстан бірлігі күшті ел ғана аман шыға алады. Сондықтан, ұлтаралық достықты сақтай білейік.

Берик Касен.