Қоғам

Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы жер жерде тойлануда

Балзия Қылышпаева – Қызылжар аудандық мәдениет үйінің кітапханашысы, Қызылжар ауданы

– Мен Бәйтерек ауылынан келіп тұрмын. Біз сол ауылдағы апа-әжелердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын ұсынып жатырмыз. Әрине, бұл мереке бізге бақыт, шаттық, береке алып келеді деп есептеймін.

Көрмеден кейін қызылжардықтар атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жоспарларын айқындады. Сахна төріне Қазақстан халқы ассамблеясының туы әкеліп, орнатылды. Қой жылы тарихи даталарға толы. Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл болады. Ұлы Жеңіске 70 жыл. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының шаңырағын көтергеніне 20 жыл толып отыр.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі

– Құрметті жерлестер! Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына тура 20 жыл толып отыр. Бұл ең біріншіден еліміздегі татулық пен бірлікті сақтау жолында құрылған қоғамдық институттың бірі саналады. Сондықтан бірлік пен таулықты сақтау баршаға ортақ міндет.

Ұлт тұтастығы мен ел болашағы – бүгінгі жастардың қолында. Оны жиынға қатысқан ұлттық-мәдени орталық жетекшілері баса айтты.

Сақып Құсаинова – “Мақсат” қазақ этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Қызылжар ауданы

 

– Біз қазір тыныш елде ғұмыр кешіп келеміз. Оның барлығы Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыстардың достығының арқасы деп білемін. Сондықтан осы тұрақтылықты сақтау кейінгі ұрпақтың парызы болып табылады.

Бұл күні ассамблея жылы аясында “Мың бала”, “Шаңырақ”, “Жаңа ойлар – табысқа жетелейді” сынды байқаулар жарияланды. Оған ниет танытқан отандастарымыздың барлығы қатыса алады. Салтантты отырыс мерекелік концертке ұласты.

Бакыт Садуакасов