Құқық қорғау органдары

25 градус аязда адасып кеткен Тайынша ауданының тұрғыны құтқарылд

Ертарғын Шаяхметов – Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы

– Іздеу барысында жоғалған азаматпен екі-үш рет байланыс жасалды. Бірақ аяздың кесірінен оның ұялы телефонының қуаты таусылып қалды. Қоңырау шалғанда біз оған белгі беретін тапаншадан ататынымызды, және сол жарық жаққа қарай жүруді нұсқадық. Кейін іздері арқылы тауып алдық

Табылған азаматтың есімі Виктор, Теңдік ауылында құрылысшы болып жұмыс істейді екен. Сол күні ол кешке қарай Тайыншаға үйіне асығып жолға шыққан екен. Аудан орталығына баратын ешбір көлік табылмағандықтан, ер азамат 25 шақырымдық жолды жаяу кесіп өтпек болған. Бірақ айдалада адасып кетеді. Суық аяздан жаураған Виктор қамыстардың арасында от жағып, жылыныпты. Дегенменде, тәртіп сақшылары оны тауып алғанда үскірік аяздың салдарынан ер азамат есінен тана жаздаған.

Виктор Балашов – Тайынша ауданының тұрғыны

– Мен адасып қалдым. Шамамен екі сағаттай электр желілері бағаналары бойымен жүріп келдім. Кейін менің аяқтарым шаршап, жүруге мұршам қалмады. Өмірімді сақтап қалған тәртіп сақшыларына шексіз алғысымды айтамын.

Виктор Балашов аудандық ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетіледі. Қазір 24 жастағы ер азамат аман есен сүйікті ісімен айналысуда. Ал табиғи апаттан адам өмірін құтқарудың фактісі аудандық ішкі істер бөлімінде жыл басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

 

 

Риат Шони.