Без категории

Қазақ хандығының құрылу тарихын өскелең ұрпақтың білгені өте маңызды

Мадина Жанайдарова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті

– 550 жылдық дегенміз ол қазақ елінің бірлігін, ынтымақтастығы мен беріктігін көрсетеді. Бұл мерекенің біздің заманымызда тойланып жатқанына өз басым қуаныштымын. Тарихты білу біздің парызымыз.

Шынымен де өз тарихыңды білмей болашақты болжау мүмкін емес. Әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи-Рашиди” еңбегіне сүйенсек, Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылған. Онда Керей мен Жәнібек Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірінде тәуелсіз мемлекеттің, яғни Қазақ хандығының туын тігеді. Кейін жаңадан құрылған елді 300 жылдан астам уақыт бойы бірнеше хандар билеп, өздерінің басқару жүйелерімен тарихта есте қалады.

Зылыйха Бимақанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және әлеуметтiк-гуманитарлық пәндерi кафедрасының доцентi

– 1580 жылмен 1590 жылдар аралығында Тәуекел ханның жүргізген сыртқы саясатын ерекше атап өтуге болады. Ол Оңтүстік Қазақстан мен оның маңындағы елді мекендерді қайткен күнде де ұстауды көздеп, сол бағытта шаралар жүргізген.

Ал XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарына қарай патша үкіметі Қазақстандағы хан билігін жоюды мақсат етіп, басқарудың жаңа округтік жүйесін енгізеді. Осылайша, қазақтар өздерінің мемлекеттілігінен айырылады. Бірақ 1991 жылы қамыт бауы босатылып, қайтадан егемендікке қол жеткіздік. Осындай бай тарихты өскелең ұрпаққа жеткізу үшін университет ұжымы студенттермен жиі отырыстар, дөңгелек үстелдер мен пікір сайыстар өткізіп тұрады екен.

 

Риат Шони.