Аптадағы маңызды жаңалықтар

2014 жылы СҚО экологиясына 147 млн. теңгенің залалы келтірілген

Бақытжан Тұрғынова, СҚО бойынша экология департаменті зертхана бөлімінің меңгерушісі

– Табиғи, ағынды суларда 35 сынама түрін жүргіземіз. Топырақта кездесетін қалдық заттардың 16 көрсеткішін зерттейміз. Ал, атмосфера қабатындағы ауадан 24 түрлі зияынды қалдықты анықтаймыз. Әр анализді жеке жеке жасаймыз. Сонда сараптамамыз нәтижелі шығады.

Қазақстанның солтүстігінде атмосфераны ластайтын зауыт, фабрикалар жоқ. Дей тұрғанмен, бүгінде аудан-аймақтарды бей-берекетсіз шашылып жатқан қоқыстар былғауда. Елді-мекендерде оны реттейтін қатты қалдықтар палигоны жоқтың қасы. Облыста 580 қоқыс алаңы болса, оның тек 10 ғана заңды түрде рәсімделген. Оған солтүстікқазақстандықтар мал мен аң-құстың өліксесін жерлеп жүр. Ал оның жұқпалы аурумен ауырғанына кім кепіл. Бұған аудан әкімдерінің бас қатырғысы жоқ. Мұны ауыл тұрғындары жергілікті биліктің есептік кездесуінде талай рет айтып та жүр.

Данияр Әлиев, СҚО бойынша экология департаментінің жетекшісі

– Қазіргі күнде әкімшіліктермен жұмыс атқарып жатырмыз. Биыл мониторинг жасап, 1 тоқсанның нәтижесі бойынша қай жерде қандай жағдайдың орын алып жатқандығын табиғатты қорғау прокуратурасына бермекшіміз.

Оған қоса Сергеевка, Булаев, Тайынша қалаларында әлі күнге дейін орталықтандырылған кәріздік жүйелер орнатылмаған. Жыл өткен сайын халық көп шоғырланған аймақтар табиғатқа орасан нұқсанын келтіруде. Жуық арада бұған бір шара қолданылмаса, экологтар арты соқпақты болады дейді.

Данияр Әлиев, СҚО бойынша экология департаментінің жетекшісі

– 10 жылдан бері сол сұрақтардың шешімі табылмай жатыр. Маңайында мал бағылып жатыр. Өсімдіктер уланып жатыр. Соған сәкес аудан әкімшіліктер бір шара қолданып, облыстық, республикалық қазынадан қаражат бөліп, оған арнайы бағдарлама әзірлену қажет.

Экологтар өткен жылы қол қусырып отырмай, тұрғындардың шағымы бойынша коммуналдық мекемелер мен заңды тұлғаларды тексеріпті. Мысалы, Мамлют қаласындағы мектептердің бірі қалдық суларды Кривое көліне ағызып отырған. Бұған аудан әкімшілігі рұқсат берген. Осылайша, олар экологиялық заңнаманы өрескел бұзды деп айыпталуда.

Данияр Әлиев, СҚО бойынша экология департаментінің жетекшісі

– 2014 жылы экологиялық инспекциямен 98 тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде 194 заң бұзушылық анықталды. Жауапты лауазымды тұлғалардың 258-іне жалпы құны 17,85 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Бүгінде оның 72% сот арқылы өндіріліп алынды.

Өткен жылы өңір экологиясына 147 млн. теңгенің залалы келтірілген. Бүгінде оның жартысынан астамы айыппұл ретінде өндіріліп алынды.

 

Берик Касен.