Спорт

Қарттар арасында шахмат, шашки, тоғызқұмалақтан жарыс өтті

Анатолий Корабельников – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

– Облыс ардагерлері арасында тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат сынды спорт түрінен сайысты осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз. Бұл жолы да тапқырлығы мен машығын көрсетуге облыс және қала ардагерлері көптеп жиналды. Аталған жарыстар қариялардың бос уақытын тиімді өткізулеріне септеспек.

Ұйымдастырушылар қатысушыларға ойын ережесін түсіндірісімен, жарыс басталып та кетті. “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” атануға келіп отырғандардың бірі – петропавлдық тұрғын Владимир Иконников. Ол бүгін дойбыдан бағын сынауда.

Владимир Иконников – облыстық турнирге қатысушы, Петропавл қаласы

– Дойбы мен шахматта ойнауды мектеп қабырғасында оқып жүргенде үйренген болатынмын. Содан бері бұл спорт түрінен қол үзбей, ойнап жүрмін. Әрине, бұрындары адамның ойлау қабілетін дамытатын осындай сайыстар қазіргіден қарағанда жиі болатын.

Біреулері дойбыдан тапқырлықтарын көрсетіп жатқанда, келесі қатарда қариялар шахмат ойынынан ой жүйріктігін сынауда. Ғалихан Жақыпов Жамбыл ауданынан келіпті. Атамызға бұл ойынның қыр-сырын кезінде әкесі үйретсе керек. Ол өткен жылы да турнирден шет қалмай, жүлделі 2-ші орынға қол жеткізіпті.

Ғалихан Жақыпов – облыстық турнирге қатысушы, Жамбыл ауданы

– Өте қызық уақыт өткізуге. Сол жерде отырып ойнаймыз.Әңгіме құрамыз. Қызықты уақыт өтеді. Үйде жата бергенше. Шахмат өте қызық ойын, оны міндетті түрде білу керек. Өмірге де пайдалы.

Ал, Сейілхат Шаяхметов – тоғызқұмалақ десе ішкен асын жерге қоятын ағаларымыздың бірі. Бүгінгі ойында оған қолдау білдіруге немересі келіп отыр.

Ернар Сейілхан

– Атам тоғызқұмалақты үйретіп жатыр. Маған бұл ойын қызық.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орыннан көрінген қариялар диплом және медальмен марапатталмақ.

 

Бакыт Садуакасов.