МТРА жаңалықтары

Көктемгі су тасқынына дайын болу керек

Виктор Держанский, СҚО ТЖД суда құтқару қызметі басшысының міндетін атқарушы

– Мамандар қазіргі күні өзен-көлдердің маңайын бақылап, кезекшілік жүргізіп жатыр. Көктем мезгілі – қауіпті кезең. Сондықтан, өте сақ болу керек. Бүгінгі күні қалада екі құтқару станциясы бар. Онда 27 адам жұмыс істейді. 3 автокөлік, 33 құтқару қайығы мен тағы да басқа құтқаруға арналған құрылғыларды дайындап қойдық. Биылғы жылы Петропавлда көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуге 12 млн 400 мың теңге бөлінген.

Димитрий Растихин, Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы

– Көктемде Былғары, Хром зауыты, Заречный сынды шағын аудандарды су басу қаупі бар. Әзірге, қандай да бір болжам жасау қиын. Біз, сол себепті, алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Егер қауіп төне қалса, құтқару шараларына дайынбыз.

Көктемгі су тасқыны маусымы саяжайшыларды қатты алаңдатады. Осыған байланысты олар құтқарушыларға өздерінің сұрақтарын қойды.

Людмила Шилкина, “Элегия” саяжайшылар серіктестігінің төрайымы

– Біздің саяжайымыз Хромзауыт ауданында орналасқан. Көктемгі уақытта Есіл өзені арнасынан тасып, бізді су басады. Менің сұрағым саяжайға баратын жолдарды қалыпқа келтіруге қаражат бөліне ме?
Жауап: Қала әкімімен бұл қауырт маусымның алдын алу іс шараларын өткізу жоспары бекітілген. Ал, саяжайға баратын жолдарды қалыпқа келтіру менің құзырымда емес. Дей тұрғанмен, бұл мәселені назарға аламыз.

Мамандар кездесуде көтерілген барлық сұрақтар бақылауға алынатындығын айтты.

 

 

Ахметова Бану.