Без категории

Сталинград түбіндегі ұрысқа 72 жыл

1942-1943 жылдарға жалғасқан қантөгісте фашистік Германия Сталинград қаласын басып алуды басты мақсат еткен еді. Өйткені Кеңес Одағындағы алпауыт кәсіпорындар мен зауыттар молынан шоғырланған қаланы басып алу – маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болды.

Вера Андреева – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспозиция бөлімінің маманы.

-Сталинград майданы Дон және Оңтүстік-Шығыс майданы болып бөлінді. Ұрыста сталинградттықтар ерлікпен күресті. Кеңес әскерлерінің қорғаныс операцияларының нәтижелігінің арқасында, 1942 жылы шілде мен қараша аралығында жау 700 мыңдай адамынан, 1 мыңнан аса танкісінен, 2 мыңнан аса зеңбірегі мен минометінен, 1400 әскери және тасымал ұшақтарынан айрылды. Нәтижесінде фашистердің бұл бағыттағы шабуылы толығымен тоқтатылды.

Қазіргі таңда бұл ұрыс куәгерлерінің қатары айтарлықтай сиреген. Мысалы Сұлтан Мұхаметжанов бүгінде 93 жасқа келген ақсақал. Соғысқа 19 жасында, яғни 1942 жылдың наурызында аттанып, 1946 жылы туған еліне аман-есен оралған. Жерлесіміз 235-ші атқыштар полкіне түсіп, өзінің алғашқы ұрысқа қалай түскенін тебіреніспен еске алады.

Сұлтан Мұхаметжанов – соғыс ардагері.

-Ми далада, мал жоқ, жан жоқ. Сол жерде бір уақытта келіп бізді немістер ата бастады. Біздікілер де ата бастады. Снаряд жібердік. Кеңес жауынгерлері шабуылға келген кезде ұрыс тоқтап кетті. Содан кейін таңертең біздікі де атып жатыр. Бір уақытта немістің әскері көп болып, окоптарды жермен жер қылмақшы болды.

Көнекөз қария Сталинград шайқасына басынан аяғына дейін қатысып, жаумен қарсыласқан. Атамыз ұрыс даласында 3 рет оққа ұшыпты. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі. Әйтеуір жерлесіміз соғыстан аман оралды. Сондай-ақ жауынгер Молдавия, Румыния, Болгарияда жау шебін бұзып жүріп, тағы бір жарақаттанып, госпитальге түседі. Бірақ жас жігіт жарақатынан тез сауығып, қайта қатарға қосылады.

Сұлтан Мұхаметжанов – соғыс ардагері.

-Сәуір айында қосымша полкті іздеп шықтық, екі солдатпыз. Біреуі Сумский облысынікі Николай деген, мен қазақстандікі. Екеумізге жолдама берді. Ал ол полк Австро-Венгрияның шекарасында тұр екен. Сол жерге жеткесін, командир бізге қуанышты хабар айтты.

Соғыс аяқталысымен, Сұлтан Мұхамеджанов туған жеріне оралып, 48 жыл облыс орталығындағы салық органында қызмет атқарған. Бүгінде 93 жасар жауынгер 1 баласы мен 2 қызынан 5 немере мен 4 шөбере көріп отыр.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.