Спорт

Өңірде алғаш рет аралас жекпе-жектен жарыс өтті

Алғашқы болып 65 келіге дейінгі салмақта Сайлаубек Ақпаев пен Қайрат Ғалиханов шықты. Екеуі де жергілікті “Намыс” клубының белді спортшылары. Бұл төбелесте Қайраттың бағы жанып, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Ал 77 келі салмақта осы клубтың мүшесі Жалғас Тортулов пен “Бейбарыс” спорт клубының атынан Олжас Шаймерденов шықты. Екі спортшы да осал еместіктерін алғашқы раундттан-ақ көрсете білді. Дегенмен, бабы мен бағы қатар шапқан Жалғас қарсыласын жойқын соққысымен сұлатып тастады.

Кейін көрермендер “Рыцарлар” төбелесін де тамашалай алды. Ортада кездескен екі қарсылас та бір-бірін бұрынан біледі. Бірі – қырғызстандық “Ворон” клубының спортшысы Николай Потрясов, екіншісі – петропавлдық “Байард-Легион”-ның мүшесі Владимир Торопов. Жекпе-жек ереже бойынша қарсыластардың бірі екіншісін құлатып, соққының астына алады. Ұрыс қарсыластың бірі жеңілгенге дейін жалғасады. Бұл тартыста жерлесіміз Владимир Торопов жеңіс тұғырынан көрінді. Темір сауыт киген батырлардың төбелесіне екінің бірі қатыса алмайды. Оған асқан төзімділік қажет, – дейді жеңімпаз.

Владимир Торопов – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы.

-Мұндай жепе-жектер біздің елімізде сирек өткізіледі. Бұл спорт түрі бізде енді ғана алға жылжып келеді. Кездесуді айтар болсам, сауыт киіп шайқасу қиын, көп күш-қуат кетеді.

Қырғыз елінен келген Нурилло Мехманбаев пен теріскейлік Айбас Қонқаевтың арасындағы жекпе-жек чемпионаттың ең тартысты кездесуі болды. “ММА” ережесі бойынша өткен ұрыста “Намыс” клубының атынан шыққан Айбас Қонқаев 2 раундтта ауыр соққыларын дарытып, ұпай санымен жеңіске жетті.

Айбас Қонқаев – жарыс жеңімпазы.

-Кездесуге санаулы күндер қалғанда сәл тұмауратып қалдым. Ол өз әсерін тигізбей қоймады. Сол себепті, қырғыз спортшысын жеңу оңайға соқпады.

Жарыс соңында барлық спортшылар медаль және ақшалай сыйақымен марапатталды.

 

 

Бакыт Садуакасов.