Білім

Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 17 ұлттың өкілі білім алады

Мысалы, татар мен поляк бөлімінде әр ұлттың өкілдері Польша және Татарстан республикасының тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрімен етене танысып, аптасына 3 рет тіл, ұлттық өнер, би факультативтеріне қатысады.

Мұнда әр ұлттың өкіліне таңдауына сай кез-келген тілді меңгеруге жағдай жасалған. Мысалы, Сергей Климушиннің ұлты орыс болса да, оны поляк халқының тарихы мен мәдениеті қызықтырады екен. Жерлесіміз тіпті, Қазақстандағы Польша елшігі және Қазақстан халқы ассамблеясының қаржылай демеуімен 2 рет Польша республикасында демалып келуге мүмкіндік алған.

Сергей Климушин, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы.

-Мен поляк бөліміне 1-сыныптан бастап келіп жүрмін. Қазір 11-сыныпта оқимын. Осы 11 жылдың ішінде мен Поляк ақындарының өлеңдерін оқу сайысында бірнеше рет облыстық, республикалық байқауларда бас жүлдені жеңіп алдым. Қазір осы елдің тарихын, дарынды тұлғаларын жақсы білемін. Осы мектепте барлық диаспоралар бір-бірімен жақсы араласады. Мұнда этностар арасында ерекше атмосфера қалыптасқан.

Ал, мынау бөлімде оқушылар қазақ және украинша тіл сындырып, тәлім-тәрбие алады. Өз қолдарымен төр көрпе, дорба тігіп, асық, тоғыз құмалақ сынды қазақ халқының ұлттық ойындарын үйренеді.

Сондай-ақ, мұнда 2010 жылы ашылған этномұражай жұмыс істеп тұр. Көрмеде 10 шақты халықтың күнделікті тұрмыста қолданатын дүниелері қойылған. Көне жәдігерлер де баршылық. Ұстаздар қауымы бұның барлығы оқушылардың “Халықтар достығы” деген ұғымды жете түсінуіне мол септігін тигізеді дейді.

Зура Ыбыраева, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

-Мұнда оқушылардан бөлек, колледж, университет оқушылары келіп ана тілдерін үйренеді. Осылайша, өздерін келешекте оқуға дайындайды.

Жалпы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 850-ге жуық оқушы бар. Оның 206-сы ұлттық бөлімдердегі қосымша факультативтік сабақтарға қатысады. Жақында аталған білім ошағы ұстаздардың біліктілігін саралайтын мемлекетік аттестациядан сәтті өткен. 5 жылда 1 рет келетін сынақта олар сарапшылардың жоғары бағасына ие болыпты.

Қорлан Жайсенбаева, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры.

-Мемлекеттік тестілеуге 4,9,11-сыныптар қатысып, жақсы деңгейде өз білімдерін көрсетті. Бұл мектеп ұжымы жұмысының жақсы нәтижелі жүріп жатқандығын байқатады.

Бүгінде №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 17 ұлттың өкілі білім алады. Әзірге елімізде мұндай оқу ошағының баламасы жоқ.

 

 

Берик Касен.