МТРА жаңалықтары

СҚМУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай танымдық семинар өтті

Бүгінде елімізде бір шаңырақтың астында 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың барлығының салт-дәстүрлерін танып біле беру мүмкін емес. Сол себепті де қазақ және де өзге ұлт өкілдерінің фольклорын сахнаға шығарып, насихаттаудың маңызы орасан.

Дильбар Бегалина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ құқық пәндері кафедрасының аға оқытушысы.

-Бұл семинардың мақсаты – Қазақстан халқының ауыз әдебиетінің, бірлігіміздің қайнар көздері қайдан туындап жатқандығын жеткізу. Ауыз әдебиеті біздің рухани жан дүниемізді қалыптастырса, соны мысалдар арқылы студенттердің естеріне салып, оны ары қарай тереңдеп зерттеу үшін жол ашу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Шара барысында жиналғандарға қазақтың ауызекі әдеби музыкалық өнерінің көлемді және аса құнды салаларының бірі – ақындардың айтысы ұсынылды.

Қазақ пен өзге ұлт өкілдерінің өнерлерін, түрлі бейнероликтерді тамашалаған студенттер ұйымдастырылған семинардан біраз тәлім алғандарын жеткізді.

Ақбөпе Тәңірберген – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.

-Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұратынын білеміз. Және де олардың ауыз әдебиетімен таныс болу біз үшін міндет. Осындай шаралардың көп болғанын қалаймын.

Гүлден Жамбылова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.

-Мерекелік іс-шара барысында көптеген концерттік нөмірлер мен қойылымдар қойылды. Олар арқылы біз өзге ұлт өкілдерінің дәстүрімен, наным-сенімдерімен толығырақ таныстық.

Жалпы “Қазақстан халқының ауыз әдебиеті мен дәстүрі” атты оқу-танымдық семинарға 600-ге жуық студент пен оқытушылар қатысты.

 

 

Риат Шони.