Ауыл шаруашылығы

Қар тоқтату бітік егіннің кепілі

Владимир Орловский – “Орловский и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы.

-Бүгінгі күні қар тоқтатудың ең қолжетімді тәсілі – егістік алқаптарында қарды қар тоқтатқышы тіркелген трактормен жүріп өту. Қысқы желдің бағыты көбінесе оңтүстік-батыс жақтан болатыны белгілі. Ал аталмыш бағыттардың ауысуы қардың бір жерде тоқтап қалуына мүмкіндік бермейді. Сол себепті қарды техниканың күшіне сүйеніп, жинаймыз. Осының арқасында күзгі жиын-терімде мол өнім алмақпыз.

Шаруа қожалығының иелігінде 4700 гектар егістік алқабы бар болса, соның 2500-іне бидай себіліп, қалғанына малдың жем-азығына қажетті біржылық шөп отырғызады екен. Көктемгі науқанға қажетті тұқым қоры жеткілікті. Серіктестік басшысы егін егумен қатар, мал өсіруді де қолға алған. Атап айтар болсақ, мұндағылар 4 жыл бұрын етті бағыттағы қара мал сатып алыпты, қазірде мал басы көбейуде. Шаруашылық жетекшісі мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасы дейді.

Владимир Орловский – “Орловский и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы.

-Біз жуырда “Қазагрофинанс” компаниясына астық кептіргіш сатып алуға өтініш берген болатынбыз. Өтінішімізді бірден мақұлдады. Енді жақында Ресейдің Нижний Новгород қаласынан астық кептіргіш жеткізілетін болады.

Үстіміздегі жылы қызылжарлық диқандар 201 мың гектар егістік алқабына ырыс дәнін сіңірмекші. Оның 134 мыңы дәнді-дақылдар болса, 40 мың гектар майлы дақылдар, қалған 25-мыңы азықтық дақылдарға тиесілі. Жалпы қызылжарлықтар 41 мың гектар жерде қар тоқтату жұмыстарын жүргізбек. Бүгінге дейін шаруаның жартысынан көбі еңсерілді деуге толықтай негіз бар.

Өмірбай Омаров – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің жетекшісі.

-Ең жақсы өнім алудың ең бір қажетті мәселесі ол ылғалды сақтап қалу, ал ылғалды сақтап қалудың жолы қыс кезінде қар тоқтату. Әсіресе, ашық жерлерде пар аудандарында қар тоқтату жұмыстарын жүргізу керек.

Айта кету қажет, аталған аудандағы серіктестіктер мен қожалықтар қар тоқтау жұмыстарын ақпан айының 10-на дейін аяқтауды межелеп отыр.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.