Билік

Аудан әкімдерінің халық алдындағы есеп берулері жалғасуда

Серікбай Тұралинов – Ақжар ауданының әкімі.

-Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің орташа жалақысы 54600 теңге, бұл облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Өңірдіегі орташа еңбекақы 69000 теңге. Мемлекеттік “Сыбаға”, “Алтын асық” бағдарламалары 100 пайызға орындалды.

Актив отырысынан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудан орталығындағы әлеуметтік маңызды нысандарды аралады. Орталық аурахана 93 адамға шақталған.

Бұдан кейін Ерік Сұлтанов Талшық орта мектебіне қарасты интернатқа ат басын бұрды. Мұнда ауданның шалғай ауылдарынан келіп оқитын 26 бала тәрбиеленуде. Олар бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін барлық жағдай жасалған. Би, сурет сыныптары жұмыс істейді. Алғашқысына қатысып жүрген оқушылар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Ақжар ауданының тұрғындарымен кездескеннен соң өңір жетекшісі Уәлиханов ауданына аттанды. Алдымен аймақ басшысы аудан орталығы Кішкенекөл селосындағы № 2 мектеп-интернатының жағдайымен танысты. Аталған білім ордасының ұжымына облыс әкімі Ерік Сұлтанов теледидар мен отау ТВ қондырғысын тарту етті.

Қамидолла Жармұхамед – №2 мектеп-интернатының оқушысы, Ақжар ауданы.

-Мен интернатта 2010 жылдан бастап тұрып жатырмын. Интернаттың тәрбиелеушілері бізге әрдайым қамқорлық танытады.

Қазір Уәлиханов ауданында мұз айдыны салынып жатыр. Ерік Сұлтанов спорттық нысанды ақпан айына дейін ашуды міндеттеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Жігіттер спорттық жарыстарда жақсы ойнаңдар. Біздің елдің құрамасында өнер көрсетулеріңе тілектеспін.

Аймақ басшысы уәлихановтық спортшыларға хоккей жабдықтарын тарту етіп, жарыстарда сәттілік тіледі. Бұдан соң облыс әкімі маңызды нысандардың бірі аудандық орталық аурухананың ұжымымен кездесті. Медициналық мекеме 75 адамға арналған. Аурухана асенизатор, реанимобиль сынды маңызды машиналармен жабдықталған. 4 дәрігер жетпейді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов емхана ішін аралап, хирургия, терапевт бөлімдерінің техникалық базасымен танысты. Айта кеткен жөн, аталмыш аурухананың терапия бөліміне соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Сондықтан, жергілікті ақ халаттылар науқастарды облыс орталығына жібермей-ақ, осы жерде емдейді.

Кейін аймақ басшысы Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдиннің есептік кездесуіне қатысты. Өткен жылы аудан әкіміне тұрғындар тарапынан келіп түскен 94 сұрақтың 30-дан астамы қарастырылыпты. Дегенмен, ауданда күрмеуі тарқамаған мәселелер де баршылық. Мәселен, Телжан ауылына жарық өткізу сұрағы әлі күнге дейін бір жүйеге келтірілмеген. Уәлиханов ауданы өткен жылы облыс бойынша астықты алғашқылардың бірі болып жинап алды.

Аман Төрегелдин – Уәлиханов ауданының әкімі.

-Ағымдағы жылы ауыл және мал шаруашылығы бойынша “Дем” ЖШС тұқым өндіруші шаруашылығын ашу, өсімдік саласын дамыту секілді бірқатар жоспарлар құрылды.

Сонымен қатар ауданда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының арқасында 14 млрд, 95 млн теңгеге жуық қаражатқа баспана тұрғызылған. Бұл 2013 жылға қарағанда 2,9 есе көп. Ауданның инфроқұрылымы да бір қалыпқа келтірілген. Өткен жылы ауданның жолдарын жөндеуге 491 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. «Қайрат» ауылына жарық тарту үшін 2 млн 400 мың теңге жұмсалса, 8 елді мекен интернет жүйесіне қосылған. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында 16 мың 390 үй таза ауыз сумен қамтылған. Бұл барлық аудан тұрғындарының 95 пайызы. Ал, Қаратерек ауылы әлі күнге дейін ауыз сусыз отыр. Дегенмен, бұл мәселе де жуық арада шешілетін сыңайлы. Бұл мақсатта жалпы құны 4 млн теңге болатын жобалық сметалық құжат та даярланған.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Біздің облыста мәселе жетерлік. Өткен жылы біраз сұрақтар шешілді. Жолдардың 290 шақырымын жөндедік. Биыл қалған жолдарда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Облыстың инженерлік желісінің де жағдайы мәз емес. Жылу желілері 80 пайыз, су құбырларының 70 пайызының тозығы жеткен. Бұл көрсеткіштерді жақсарту қажет.

Тұрғындар өтініші көбінесе, ауылды жерлерге жарық, су тарту, жолдарды жөндеу сынды тақырыптарға қатысты болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев ауданға заманауи спорт кешенін салса деген ниетін жеткізді. Бұған Ерік Сұлтанов демеушілермен келіссөздер ойдағыдай өтсе, алғашқы нысан Уәлиханов ауданында бой көтеретіндігін тілге тиек етті. Облыс әкіміне базынасын жеткізген аудан тұрғындарының бірі жеке кәсіпкер Азамат Сейтуаров.

Азамат Сейтуаров – «Аслан» фермерлік қожалығы басшысының орынбасары, Уәдиханов ауданы

-Біз картопты тамшылап суару әдісімен егуді қолға алмақшымыз. Жобамыздың жалпы сомасы 300 млн теңге. Оның тең жартысы бар. Қалған сомасын табуға қаржылай қолдау қажет. Көкөністерді сақтауға арналған қойма ашу керек. Осыған қолдау көрсетсеңіз дейміз.

 

Аудандық мәдениет үйінде өткен ауқымды жиыннан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов азаматтарды қабылдады.