Спорт

Петропавлда волейболдан ҚР чемпионатының үшінші турының ойындары өтуде

Мамаш Омаров – жарыстың бас төрешісі.

-Елімізде жылдан-жылға волейбол ойындары жанданып келе жатыр. Биылғы ойындарға тоқталар болсақ, екінші турдың қорытындысы бойынша 39 ұпай жинап, әзірге жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген Тараздық ойыншылар көш басында жүр. Ал “Павлодар” 29 ұпаймен екінші, қоржынында 23 ұпайдан бар алматылықтар мен хромтаулықтар үшінші-төртінші орындарда келеді.

Ал бұл жолы алаңда петропавлдық “Есіл СК” волейбол командасы мен хромтаудың “ТНК Казхромы” кездеспек. Ойынның басталуына санаулы минуттар қалғандықтан, екі жақ ойыншылары денелерін қыздыруда. Көп ұзамай тартысты ойын басталып та кетті. Есіл құрамасы алғашқы сәттен-ақ қарсыластарына тоқтаусыз соққылар жасап, ұпайларын еселей түсті.

Осылайша, алғашқы таймды жергілікті құрама сәтті аяқтады. Дегенмен, алаң төріндегі қонақтар есе жіберіп қалмақ емес. Олар да есілдіктердің соққыларын мүлт жібермей, есепті өз пайдаларына шешіп отырды. Нәтижесінде әдіс-тәсілдерді тиімді қолданған меймандар 27-25 есебімен келесі жеңісті өз қоржындарына басты.

Ал соңғы жекпе-жекте екі құрама спортшылары белсенді болды. Волейболшылар әдемі ойын өрнегін көрсеткенімен, ақырғы кездесу 25-23 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Сергей Ембулаев – “Есіл СК” волейбол командасының капитаны.

-Хромтаулық команданы тізе бүктіру біздің құрамаға қиын соқты деп айта алмаймын. Олардың дайындықтары шалағай екендігі көрініп тұрды. Әрине, кездесуде қателікке бой алдырған жерлеріміз де болды. Бірақ, бәрі артта қалды. Енді келесі кездесулерге даярлану қажет.

Сондай-ақ бұл күні Петропавлда батыстық қос құрама Атырау мен Оралдың “Конденсат-Жайықмұнай” командаларының ойыншылары да күш сынасты. Жалпы бұдан кейін сегіз команда төртінші турдың ойындарын 11 ақпанда Тараз қаласында жалғастыратын болады. Ал онда жеңіске жеткен құрамалар, Алматыдағы ақтық сында кездесіп, осы жылдың үздік волейбол командасын анықтамақ.

 

 

Бакыт Садуакасов.