МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі

Ең алдымен, шаһар басшысы 2014 жылы атқарылған істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, қаланы абаттандыру, шағын және орта бизнесті қолдау және баспана құрылысы бар.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі.

-Қолжетімді баспана-2020″ бағдарламасын жүзеге асыру барысында былтыр 228 петропавлдық отбасы қоныстойын тойлады. Қаламыздағы тұрғын үй құрылысы бірнеше бағыттарда жүзеге асырылуда.Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша биылғы бірінші тоқсанда 93 және 45 пәтерлік екі үй пайдалануға беріледі. Ал 90 және 55 пәтерлі екі нысанның құрылысын үстіміздегі жылы аяқтау жоспарланған.

Марат Тасмағанбетов тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында да біраз шаруаның тындырылғандығын айтты. Бұл саланы дамытуда барлық деңгейлі бюджеттерден 5 млрдқа жуық қаржы бағытталыпты. Білім беру саласындағы мәселелер де өз шешемін тапқан. Жылқы жылында қаламызда 407 орынға шақталған балабақша ашылыпты. Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 83,5 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі.

-Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі облыс орталығында әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бүгінгі күні қалада 23140 балабақша жасындағы бүлдіршін бар. Олардың тек 7560-ы ғана мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен келер жылы 1580 орынға шақталған балабақша ашылмақ.

Марат Тасмағанбетовтың баяндамасы межеленген уақыттан асып кетсе де халық сабырмен тыңдады. Содан соң, кезекке тұрып сұрақтарын қоюға асықты. Көбін алаңдатқаны жол, қаланы абанттандыру, жылумен қамту мәселелері. Борки тұрғындарын жол, бірнеше жылдан бері қараусыз жатқан ғимараттың жайы алаңдатады. Бұл проблеманы олар бұған дейінгі есептік-кездесулерде көтеріпті. Бүгін де тұрғындар бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деген жауап алды. Халық жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау керектігін де айтты.

Жамбыл Тасеменов, облыстың құрметті азаматы.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі.

-Спортты дамыту үшін үлкен шаруа атқарылуда. Біз Әл-Фараби мектебіне далалық тринажер қойдық. Бұл жұмысты алдағы уақытта жалғастырамыз.

Облыс орталығының шалғай аудандарының тұрғындарын алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол – жолдарды қардан тазарту. Биыл ақ ұлпа әдеттегіден мол түсті. Сондықтан тұрғындар өздерінің күштерімен қарды тазалауға қауқарсыз. Коммуналдық қызметтің көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі.

-Қалалық коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 104 млн.теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 10 техника, 4 шағын жүкартқыштары, қоқыс тасымалдаушы КамАЗ, бульдозер және құм лақтырушы 2 техникалық көлік сатып алынды.

Марат Тамсағанбетов есептік-кездесуде көтерілген барлық проблемалар алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты. Бұған тұрғындар сенім білдіріп тарқасты.

-Кездесу жақсы өтті. Әкім бәрін де тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Бүгінгі кездесуде көтерліген мәселелердің барлығы алдағы уақытта шешілетініне сенім ұялатты.

-Мен қала әкімінің есебін басынан аяқ мұқият тыңдадым. Мемлекетіміз бізге осындай қомқорлық көрсетіп жатқандығына алғысымды білдіремін. Бұл Елбасының сарабдал саясатының арқасында деп білемін. Өйткені біздің мемлекет тәуелсіз, ынтымақтастықта, тыныш өмір сүріп жатыр.

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтің келесі есептік-кездесуі қаңтардың 30-ына жоспарланған.

 

 

Бану Ахметова.