Билік

Мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің мүмкіндіктері

Эльнара Увалиева – «Увалиева» ЖШС директоры, М. Жұмабаев ауданы.

-Мен өзім осы жерде туып өстім. Сондықтан аудан орталығында балабақша проблемасы бар екендігін естіген соң, өз ісімді ашайын деп жергілікті әкімдікке бардым. Қолдау танытылды. «Даму» қоры арқылы қаржылай көмек көрсетіліп, мына үйді сатып алдым. Қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізілдік. Аз уақыттың ішінде кәдемізге жараттық.

Жалпы, балабақша барлық талапқа сай жасақталған. Бүлдіршіндер үш тілде тәрбиеленіп, оқытылады. 20 адам еңбекпен қамтылса, оның 8-нің педагогикалық білімдері бар. Бөбекжай ашылысымен жас мамандар да екі қолға бір күрек тапқан. Сондай жандардың бірі тәрбиеші Бақдана Нұрахметова.

Бақдана Нұрахметова – «Алтын күн» балабақшасының тәрбиешісі, М. Жұмабаев ауданы.

-Бұл балабақшаның ашылғанына қуаныштымын. Мұнда жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Балалармен жұмыс істеуге материалдар жеткілікті. Мұхтар Әуезов атамыз айтқанда: «Ұлт тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз.

Айта кету қажет, бөбекжай Булаев қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан. Ашылуы осы аудандағы тұрғындарға тиімді болып отыр.

Анар Құсанова – Ата-ана, М. Жұмабаев ауданы.

-Балабақша кезегіне көптен бері тұрған едік. Қазір қызым 4 жаста. Арманымыз орындалды. Ғимарат жайлы айтатын болсам, көңілім толады. Екі қабатты. Материалдық-техникалық базасы нығайған.

Бөбекжайдың жай-күйімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысып, жоғары бағасын берді. Сыйға теледидар тарту етті. Өңір жетекшісі өз сөзінде теріскейде балабақша жетіспеушігі шешіліп жатқандығын айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Елбасының қолдауымен істеліп жатыр ғой осының бәрі. Баларға мектепке дейін білім беру, тәрбиелеп қамтамасыз ету біздің қолымызда. Елбасы тапсырмасымен жеке меншік инвестиция арқылы осындай жұмыстарды қарқынды жасауымыз керек.

Айта кеткен жөн қазір нақ Мағжан Жұмабаев ауданында балабақша кезегінде тұрған бірде-бір балғын жоқ. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі түбегейлі шешілген.

Жанайдар Әлнәзіров – М. Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы.

-Біздің ауданда 5 балабақша, 23 шағын орталық бар. Олардың барлығы жұмыс істеп жатыр. Осы балабақша ашылуымен балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 100 пайызға орындалды деп айта аламын.

Жеке кәсіпкер Эльнара Увалиева келер жылы бөбекжай аумағын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

 

Самат Джакупов.