Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәртіп сақшылары өткен 2014 жылды қорытындылады

Хайыр Байқадамов – СҚО ІІД бастығының орынбасары.

-Өткен жылы облыста жағдай тұрақты болды. Жедел-қызметтік жұмыстар уақытылы атқарылды деп айта аламын. Жалпы ішкі істер органдарына тұрғындар тарапынан 18 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Айта кету керек 9446 қылмыс тіркелді. Ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері 19 пайызға төмендеді. Былтыр іздеуде болған 186 қылмыскердің 123 ұсталды.

Ал облыс орталығында бұл бағытта атқарылған жұмыстар жайында Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Қанат Айтбаев баяндама жасады. Өкінішке орай шаһарда жағдай керісінше. Статистика бірқатар қылмыстардың саны артқандығын мәлімдеп отыр. Оның үстіне заңбұзушылықтарды ашу көрсеткіші төмендеген. Петропавлда әсіресе пәтер ұрлығының өршіп тұр. Ал көпқабатты үйлерге бейнебақылау орнату жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей келеді. Облыстығы қылмыстардың 60 пайызға жуығы қалада жасалады екен. Бұл ретте ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев жағдайды тез арада дұрыстауды міндеттеді.

Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары.

-Бұрындары СҚО-мамандары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүретін. Алайда соңғы екі жылда жағдай айтарлықтай мәз емес. Жеке құрамның жұмысы неліктен төмендеп кеткендігін анықтау қажет. Бұл жұмыстармен айналысуды департамент бастығына тапсырамын. Мен сіздердің ұжымдарыңызды жақсы білемін. Кадр тапшылығы жоқ. Алайда облыс орталығында шаруалар тиісті деңгейде атқарылмай отыр.

Өткен жылы ішкі істер органдарының мамандары 610 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салған. Оның 77 пайызы бүгінгі күні мемлекетке қайтарылыпты. Ал облыстың бас прокуроры Степан Зайтлер полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған істердің саны артқандығын тілге тиек етті. Жиынға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Өңір жетекшісі тәртіп сақшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Ішкі істер органдары мен жергілікті әкімдіктердің қоян – қолтық жұмысының арқасында өңірде мал ұрлығы төмендеді. Алайда бұрын сотталып, бостандыққа шыққан азаматармен жұмысты күшейту керек. Яғни былтыр олармен жасалған қылмыс 8,5 пайызға артып отыр. Мұнымен қоса адамға қастық жасау, бұзақылық және пәтер ұрлығы көбейген. Бұл ретте жұмысты күшейткен абзал.

Жиында 2014 жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендер марапатталды. Бұл ретте бірнеше азамат облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. Ал Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов Нива автокөлігінің кілтін табыстады.

Арман Құтышев – Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы.

-Біз өте қуаныштымыз. Барлық жеке құрамның еңбегі. Бұл басшылардың бізге беріп отырған бағасы. Біз 199 қылмыстық істі сотқа жібердік. 2000-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық аттамалар толтырылды.

Жиын соңында Ерлан Тұрғымбаев облыс әкімі Ерік Сұлтановқа ІІО қызметкерлерінің спортпен шұғылдануына жағдай жасағаны үшін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атынан медаль табыс етті.

 

 

Самат Джакупов.