Спорт

Жерлес спортшымыздың жетістігі

Александр Сахно – бокстан юниорлар арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері

– Мен кездескен қарсыластарым мықты болды. Дайындықтары жақсы. Алғашқыда қарағандылықты тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алдым. Кейін Ақмола облысының боксышын артта қалдырып, ақтық сынға шықтым. Онда Шымкенттікпен кездесіп, ұтылып қалдым. Мені осы жарысқа дайындаған бапкерлерім Ринат Сейітмұхамбетов, Азамат пен Жанат Жақияновқа алғысымды айтамын.

Жалпы қаңтардың 11-і мен 17-сі аралығында өткен сайысқа 14 облыс пен 2 қаладан 150-ден аса спортшы қатысқан. Біздің өңірдің намысын қорғауға Александр Сахномен бірге 3 былғары қолғап шебері аттанған. Бірақ олардың арасынан жалғыз жерлесіміз медальмен оралды.

Азамат Жақиянов – бокстан БЖСМ аға бапкері

– Ел чемпионатында біздің тәрбиеленуші Александр Сахно жақсы өнер көрсетіп екінші орын алды. Осы нәтиженің арқасында ол ұлттық құрама сапына ілінді. Жалпы чемпионатта спортшыларымыз кем дегенде қола медальмен оралады деген мақсат қойылған. Бірақ Александр жақсы нәтиже көрсетті.

Енді жас спортшы жаз айларында өтетін Азия мен әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.

 

 

Риат Шони.