Қоғам

Тілінде кемістігі мен мүкістігі бар балалармен жұмыс жүргізу бойынша семинар өтті

Елена Петрова – “Тілді дамыту орталығы” директоры.

-Соңғы жылдары балабақшаға келетін бүлдіршіндердің ішінде тілінің мүкістігі бар, тіпті сөйлемейтін, дыбыстық еліктеулері жоқ балалар көбейіп барады. Бұның барлығы алдымен ата-анаға байланысты. Олар баласының сөзді дұрыс айтуына ықпал жасамайды. Көбі оны еркелікке балап, уақыт жоғалтып жатады.

Семинарға психологтармен бірге қалалық білім бөлімінің мамандары да қатысуда. Олар сөйлемейтін балалармен жұмыс жүргізу жайын және оны ерте кезден анықтап, тиісті емдеуден өткізудің маңыздылығына ерекше мән беруде. Ал бұл орайда Елена Петрованың бөлісер тәжірибесі баршылық.

Евгения Авдеева – “Болашақ” балабақшасының мұғалім-логопеді.

-Елена Петрованың сөйлемейтін балалармен жұмыс жүргізу мен оны түзету жолдарын көрсету бойынша өткізіп жатқан кездесуі біздер үшін керек-ақ. Атап айтар болсақ, балабақшада мұндай бүлдіршіндермен жұмыс жасайтын арнайы бағдарлама бар. Бүгінгі семинарда тілінде мүкістігі бар балалармен жұмыс жасау жайын талқылап, айтылған ақыл-кеңестерді өз жұмысымызда қолданбақпыз.

Жалпы логопед мамандардың айтуынша, бала бір жастан асқан уақыттан бастап “әке”, “ана” деген сөздерді айтуы тиіс. Ал екі жастағы баланың сөздік қорында 400-500-ге дейін сөз болуы керек.

Сайран Испандиярова – Петропавл қалалық білім бөлімінің мектепалды тәрбие және даярлық тобы бойынша сектор меңгерушісі.

-Қазіргі күні осы жастағы бүлдіршіндердің сөздік қорындағы сөз екі жүзге әрең жетеді. Егер қалада тұратын ата-ана осы мәселелер жөнінде кеңес алғысы келсе, қалалық психологиялық, медициналық кеңес беру мекемелері мен орталықтарына жүгінгені абзал.

Мамандардың айтуынша, егер ата-ана баласының тілінде мүкістік барын байқаса, алдымен невропатолог дәрігерге қаралып, кейін логопедтің көмегіне жүгінуі керек.

 

 

Бакыт Садуакасов.