Спорт

Облыс орталығында жеке кәсіпкерлер спорттың дамуына үлес қосып жатыр

Қаланың қақ ортасында орын тепкен хоккей кордының жұмыс істеп тұрғанына төртінші жыл болған екен. Қазір мұнда дайындықтың нағыз қызған шағы. Себебі санаулы күндерден соң, мектеп оқушылары арасында «Алтын шайба» атты шайбалы хоккейден сайыс өтпек. «Небесные волки» командасының капитаны Илья Иванов бұл жарыста мықтылардың қатарынан көрінетіндеріне сенімді.

Илья Иванов – «Небесные волки» құрамасының капитаны.

-Бұрын мен Қарасай стадионында дайындалатын едім. Спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Міне бүгінгі күні өзіміз арнайы команда жасақтадық. Жаттықтырушымыз бар. Бірақ ол денсаулығына байланысты әркез бізбен бірге бола алмайды.

Аталмыш кордты «Северный пассат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Лариса Егорова жеке қаражатына тұрғызған. Тіпті киім шешетін бөлмесі де бар. Осылайша кәсіпкер өңірде спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Лариса Егорова – «Северный пассат» ЖШС директоры.

-Бұл аумақ бұрын, балабақшаның қарамағында болатын. Кейін жерді сатып алып, оны тиімді пайдалану керек болды. Содан алғашында хоккей кордын тұрғыздық. Сосын кішкентай балаларға арнап сырғанау төбешігін жасадық. Жалпы жастарымыз мұнда келіп, бос уақыттарында спортпен айналысып тиімді өткізеді.

Спорттық нысанның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан қала әкімі Марат Тасмағанбетов, жас спортшылармен де әңгімелесті. Шаһар жетекшісі оларға болашақта мықты бапкер тауып, хоккей формасын сыйға тартатындығын жеткізді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі.

-Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Петропавлда 8-ші хоккей корды тұрғызылып жатыр. Мұнымен қоса Қарасай стадионында жабық мұз айдыны бой көтереді. Оның ұзындығы 60, ал ені 30 метр болады деп жосапрланған. Бұл шаруалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Мұнымен қоса, серіктестік басшысы балалардың түрлі билермен айналысуына жағдай жасаған. Яғни ол үшін арнайы ғимарат бөлген.

Қазіргі таңда би секциясына 120-ден астам бала қатысады.

 

 

Самат Джакупов.