Спорт

Солтүстікқазақстандық муайтайшылар ел чемпионатында үздік көрсеткішке қол жеткізді

Шамиль Ермағамбетов – Жасөспірімдер мен балалар арасында муай-тайдан ҚР чемпионатының жеңімпазы

– Менің қарсыластарымның мықтысы – Захар Морозов болды. Ол менің командалық әріптесім. Бірге жаттығып, бір-біріміздің тәсілдерімізді білгендіктен кездесу қиынға соқты. Бірақ, бапкердің айтқан айла-тәсілдерін бұлжытпай орындап жеңіске жеттім. Бұған мен қуаныштымын. Үлкен турнирдегі алғашқы жеңісім.

Жалпы Алматы қаласында 7-12 қаңтар аралығында өткен ел чемпионатына 200-ден аса спортшы қатысқан. Біздің өңірдің намысын қорғауға 7 муай-тайшы барды. Нәтиже қуантарлық. 4 алтын, 1 күміс пен қола медаль.

Иван Ван-Хон-Тун – тай боксынан СҚО аға бапкері

– Турнирге біз желтоқсан айынан бастап дайындалдық. Әр күнді босқа өткізбей, физикалық және де психологиялық жаттығулар жасадық. Өздеріңіз көріп тұрғандай нәтиже жақсы. Жарысқа барған 7 спортшының алтауы жүлделі оралды. Бір муайтайшы денсаулығына байланысты сайыстан шығып қалды. Екі бірдей спортшы үздік техникасы үшін марапатқа ие болды.

Спортшылардың алдағы жоспары ауқымды. Олар енді үстіміздегі жылдың ақпан айында Қостанай облысының құрамасымен рингте кездесу өткізбекші.

 

 

Риат Шони.