Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы пысықталды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Ауа-райының қиындығына қарамастан, біздің облыс былтыр ауыл шаруашылығы саласында атқарған жұмыстары бойынша республикада 3-ші орынға табан тіреді. Бұл жақсы көрсеткіш. Нақты көлем индексі 102,6 пайызды құрады. Елбасының тапсырмалары, яғни мал басын көбейтуге қатысты бағдарламалардың бәрі 100 пайыз орындалды.

Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла демекші, өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетті. Маңызды науқанға диқандар бүгіннен кірісу қажет. Себебі табиғат ананың қандай мінез танытатыны әлі белгісіз. Жалпы биыл өңірде егістік алқабын ұлғайту жоспарда бар. Бұл бағытта алдағы уақытта атқарылатын шаруалар жайында жиналғандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құлағдар етті.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірініші орынбасары.

– 2015 жылы егістік алқабы 4 миллион 350 мың гектарды құрамақ. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға артық. Яғни сары алтынды 3 миллион 300 мың гектарға сіңіретін боламыз. Ал майлы дақылдар -568,3 мың, жем-шөп- 447,9 мың картоп-28,5, көкөніс-5,3 мың гектарға егетін боламыз.

Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге баса назар аударылатын болады. Дегенмен, бүгінгі күні бірқатар аудандарда сүт өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығы анықталып отыр. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов аудан әкімдеріне олқылықтың орнын тез арада толтыру керектігін қадап айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Сүт өңдейтін кәсіпорын ашамын дегендерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында биыл бұл бағытқа 500 миллиард теңге бөлінеді. Оның 200 миллиарды қаңтар айының соңына дейін бірінші траншпен бюджетке түспек. Сондықтан бұл жұмыстарды жақын арада тындырғанымыз абзал.

Ерік Сұлтанов жобалардың іске асуын индустриялық-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Марат Ысқақовқа жүктеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Жобалар индустрияландыру картасына міндетті түрде енулері қажет. Жақын арада осы мәселені қарастырыңыздар. Сондай-ақ жыл соңында оларды іске қосуымыз керек.

«Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс». Облыста мал шаруашылығын арттыруды көздейтін бұл бағдарламалар түбегейлі жүзеге асырылуы тиіс. Ерік Сұлтанов мал басын еселемеген агроқұрылым басшыларына болашақта өсімдік шаруашылығын жандандыруға субсидия берілмейтіндігін жеткізді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Алдағы уақытта бағдарламаларға өзгертулер енгізілетін болады. Сол кезде ірі қарамен айналыспайтын агроқұрылым иелері өсімдік шаруашылығына субсидия ала алмайтын болады. Сондықтан олар бүгіннен бастап, осы жұмысқа кірісулері қажет.

Жиын барысында ғалымдардың да ойы тыңдалды. Олар негізінен диқандарға отандық бидай сортын пайдаланып, егіс науқанына мамыр айының екінші жартысында кірісуді айтып отыр. Мұнымен қоса танап басын миниралдық тыңайтқыштармен, гирбицитпен өңдеуде соңғы технологияларды пайдадалануды ескертеді. Жиын барысында ауылшаруашылығында игерілмей жатқан жер телімдерін қайтару мәселесі де қарастырылды. Мұнымен қоса ветеринария саласы да назардан тыс қалмады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Күн тәртібіндегі мәселелер толық қарастырылды. Сондықтан бір апта уақыт ішінде барлық аудан әкімдері егістік алқаптарын ұлғайтуға қатысты жоспарларын маған жеткізсін. Және шағын элеватор тұрғызу, мұнымен қоса «агробизнес-2020» бағдарламасына қатысушылардың тізімін бекітсін. Бордақылау алаңдарын тұрғызу жұмыстары тағы бар. Бұл шаруаға бүгіннен кірісіңіздер.

Жиын соңында өңір жетекшісі қыс мезгілінде ауыл-аймақтарға қатынайтын жолдарды әркез қардан тазалап тұруды ескертті. Мұнымен қоса, хоккей корттарының санын арттыру керектігін тілге тиек етті.

Джакупов Самат.