МТРА жаңалықтары

Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері басталды

Нұрғиза Шайжанова- Глубокое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы

– Жол қысқы уақытта дұрыс тазаланбайды. Тек орталық көшелер ғана аршылады. Қалғандары сол қалпында. Соны айтуға келдім.

Бүгіндері елді-мекен айтарлықтай түрленіп келеді. Мұнда 1 серіктестік пен 7 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Бұдан өзге округте сүт қабылдаумен айналысатын 4 кәсіпкер бар. Ауыл тұрғындарының өнімдері жыл бойы үзілмей қабылданады. Еңбеккерлер ақтың литрін 55 теңгеден өткізеді екен. Округте 2 клуб, сонша мектеп, кітапхана мен медициналық пунктер жұмыс істейді.

Ағыбай Жақыпов- Лесное ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы

– Өткен кездесулерде тұрғындардан түскен өтініш, шағымдарды шешу бағытында жұмыстар атқарылды. Жолдарға ағымдағы жөндеу шаралары жүргізілді. Шаруа қожалықтары бөлген қаржыға шұрық-тесіктерді біраз жамадық. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2014 жылы Глубокое ауылында спорт алаңы салынды. Пресновкада хоккей корты бой көреді.

Ауылдық округ әкімінің есебінен соң кездесуге келген тұрғындар өз мәселелерін көтерді. Көпшілікті қоғамдық көліктің жоқтығы қинайды екен. Көрші елді-мекендерден келетін автобустар толық болғандықтан, жолшыбай кісі алмайды екен. Оның өзін 4 шақырымдағы тас жолға шығып тосу қажет.

Раиса Стрелкова- Глубокое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы

– Ауылымыз қаладан 40 шақырым жерде орналасқан. Бірақ ешқайда шыға алмай отырамыз. Жеке меншік автобус екі-үш ай жүреді сосын адам көп болмағасын қайтадан тоқтап қалады. Қашан қоғамдық көлік мәселесі жолға қойылады.

Ағыбай Жақыпов- Лесное ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы

– Бізде қаншама рет автобустар келді, бағыт аштық, бірақ клиенттер аз. Сондықтан оларға 1-2 клиентті ғана тасу тиімсіз. Жеке кәсіпкерлер сондықтан ауылға қатынағысы келмейді.

Бұдан өзге тұрғындар интернет желісімен қамтамасыз ету, қаңғыбас иттердің жайын айтты. Жалпы халық ауылдық округ әкімінің атқарып жатқан істеріне риза.

–  Кездесу жақсы өтті. Бізде көп проблема жоқ. Негізгісі осы автобус мәселесі. Шешімін табады деген сенімдеміз.

– Өткен жылы айтылған сын ескертпелердің біразы шешімін тапты. Сондықтан биылғы көтерілген мәселелер де орындалады деген үміттемін.

Ағымдағы жылы ауылдық клубты жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған 2 млн. теңгеден астам қаржы бағытталыпты.

 

Магжан Ахмадина.