Құқық қорғау органдары

Елімізде газотравматикалық қаруларды тапсыру акциясы жалғасуда

Георгий Баранов – Петропавл қаласының тұрғыны

– Травматикалық қаруды сақтау заңсыз екенін алғашында достарымнан естідім, кейін ғаламтордан қаулыны оқыдым. Енді мұны тәртіп сақшыларына тапсыру қажет. Бір жағынан қимаймын, бірақ маған оның қажеті де жоқ. Тек шалғай жақтарға барғанда ғана өзіммен алып жүремін.

Тәртіп сақшыларына Георгий секілді өз еркімен қару тапсырған 22 қала тұрғыны бар. Олар оқпансыз травматикалық 13 және де газотравматикалық 9 бірлік қару тапсырған.

Асан Смагұлов – Петропавл қаласы ІІБ бастығының орынбасары

– Үкіметтің нөмір 1145-қаулысы бойынша 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелген травматикалық қаруларды сатып алу республикалық акциясы басталды. Бұл шара 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Ерікті түрде қару тапсыру туралы толық ақпарат алу үшін тұрғындар ішкі істер органдарына келе алады.

Жалпы облыста 764 травматикалық қару иесі тіркелген. 433 солтүстікқазақстандықта газотравматикалық, ал 331-інде оқ ататын оқпансыз қару бар. Айта кету керек, акцияны орындау үшін республикалық бюджеттен облыстық ішкі істер департаментіне 23 млн. теңгедей қаражат бөлінген.

 

 

Риат Шони.