Спорт

Шайбалы хоккейден СҚО әкімінің кубогы үшін жарыс жалғасуда

Виктор Бестик – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы

– Облыс чемпионатына облыс орталығы мен аудандардан 6 команда қатысуда. Жарысқа әр құрама әр түрлі дайындықпен келген. Мықтылардың қатарына Қызылжар, Ғ.Мүсірепов ауданы мен Петропавл қаласының командаларын жатқызуға болады. Жалпы ойындар тартысты, қызықты өтуде. Бұл чемпионаттың екінші туры ғана. Алда әлі үш кезең бар.

М.Жұмабаев ауданының «Факел» ХК-ның қорғаушысы Сергей Янченко бұл спорт түрімен 7 жыл бойы айналысып келеді. Дәл қазір ол алаңда 5-ші нөмірде өнер көрсетуде. Тәжірибелі қорғаушы болғанымен, мағжандықтар қарсыластарының шайбасын бірнеше мәрте жіберіп алып, қақпаларына гол дарытты. Өздері қарымта шабуылға аттанғанымен, қалалық команда ойыншыларының жылдамдығынан оза алмауда. Сөйтіп, алғашқы кезең петропавлдық «Авангард» ХК-ң пайдасына 4-0 есебімен аяқталды.

Сергей Янченко – «Факел» ХК қорғаушысы, М.Жұмабаев ауданы

– Хоккеймен 7 жыл бойы айналысып келеміз. Клуб басшысы Николай Жигалов кортты қалпына келтіріп, жастарға бұл спорт түріне бет бұруларына септесті. Командамыздың дені жастар болса да, намысты қолдан бермейді. Чемпионат аясында соңғы рет Шал ақын ауданымен кездесіп, есе жіберіп алдық. Ал қазір петропавлдықтармен күш сынасудамыз. Жеңіске жетуге тырысамыз. Ұтылып қалсақ, еңсемізді түсірмей алда болатын ойындарға дайындаламыз.

Алғашқы 20 минуттықта қарсыластарын есеңгіретіп алған «Авангард» ХК-ң ойыншылары жаңа қарқынмен шабуылдарын үдете түсті. Әдемі комбинациялық пастармен алмасып, алаңның шартты қожайындарының аумағына емін-еркін кіріп, кезекті шайбаларды қақпаға дарытуда.

Бар әдістерін пайдаланып, қарсыластарынан есеп айырымын қысқартуға тырысқан мағжандықтар қақпашыларын да алмастырды. Алайда бұларынан түк шықпады. Екінші 20 минутта «Авангард» ХК-ң еншісінде кетті, есеп – 0-10. 5 минуттық үзілістен кейін қос команда шешуші үшінші кезеңге шықты. 0-14 есебімен айқын басымдықта келе жатқан петропавлдықтар бұнымен тоқтаған жоқ. Қайта жігерлене түсіп, қарсыластарына тағы да жауапсыз 4 бірдей шайбаны соқты. Кездесу 0-18 есебімен «Авангард» ХК-ң пайдасына шешілді. Қос ойында жеңіске жеткен Петропавл командасының қоржынында 6 ұпай.

Юрий Попов – «Авангар» ХК капитаны, Петропавл қаласы

– Кездесу айтарлықтай қиын болды. Қарсылас команда жастар мен жеткіншектерден жасақталған. Бірақ, тәжірибелері аз. Өйткені, аудандарда дайындалатын алаңдар тапшы. Біз облыс орталығында аптасына 4 рет жаттығамыз. Десе де, құраманың болашағы алда. Чемпионатта барлығының да жеңіске жетуге үміттері зор.

Чемпионаттың келесі үшінші туры Ғ.Мүсірепов ауданында өтпек.

 

 

Риат Шони.