Білім

Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды

Альбина Рашитова – Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы

– Біз мектепте 7-сыныпатан бастап олимпиада дайындаламыз. Әр күні дайындыққа 2 сағат шамасында уақыт кетеді. Қазіргі тапсырып жатқан сынағым сәл қиындау, бірақ тырысса барлық есептерді шешуге болады.

Жалпы республикалық олимпиада 4 кезеңнен тұрады. Алғашқысы мектепішілік болса, екіншісі аудандық және де қалалық. Ал ол сыннан сүрінбей өткендер облыстықта өз бақтарын сынайды. Бұл байқауды қорытындылайтын тур ол – республикалық кезең. Бүгінгі облыстық сынға барлығы 515 мектеп оқушысы қатысуда. Оның ішінде 200-ге жуығы қазақ тілінде оқыса, 300-ден астамы орыс тілінде тәлім алуда. Бүгінгі олимпиада өңір бойынша екі базада өткізілуде.

Рысжан Нұрғалиева – СҚО білім басқармасының бас маманы

– Облыстық олимпиада республика бойынша бірыңғай бір күнде өткізіледі, яғни 9-10 қаңтар аралығы. Жалпы білім беретін пәндер жаратылыстану-математика бағыты және де гумманитарлық бағытындағы пәндер. Дәл қазір Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында жаратылыстану-математика бағытында өтсе, №9 орта мектепте гумманитарлық бағытта өтуде. Оқушылардың білімдерін бағалау үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен ҚР Ұлттық ұланы әскери институтының аға-оқытушылары шақыртылған.

Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 10-шы қаңтарға дейін жалғасады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болады.

 

Риат Шони.