Өнеркәсіп

Теріскейлік жиһаз жасаушы жеке кәсіпкердің өнімдері жоғары сұранысқа ие

Андрей Коротков – “Левин” ЖК өндірістік цех бригадирі, Қызылжар ауданы

– Мына өндірістік цехта біздер қайың ағашын қырлап, белгілі бір қалыпқа келтіріп шығарамыз. Ал одан соң, дайын болған жиһаз бөлшектерін әрлеп, әдемілеу үшін бояу цехына жөнелтеміз. Кейін арнайы қоймада бөлшектерден жиһаз түрлерін құрастырып, дүкенге жөнелтеміз.

Ал дайын өнімді саудалайтын жеке кәсіпкердің арнайы дүкені бар. Дүкеннің ішіне кірсеңіз, орындықтан бастап үлкен кереует пен корпустық жұмсақ жиһаздың түр-түрін кездестіресің. Қысқасы, аламын деушіге таңдау көп. Михаил Зинкевич, бүгін дүкенге келіп, жиһаз сатып алуда. Аудан орталығының тұрғыны, шетелдік жұмсақ жиһаздан отандық жиһаздың еш айырмашылығы жоқ, қайта сапасы жағынан әлдеқайда артық екендігін жеткізді.

Михаил Зинкевич – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы

– Осы дүкендегі жиһазды таңдап, сатып алуым тегіннен-тегін емес. Өйткені, бұл кәсіпкер шығаратын өнім сапасы жағынан жақсы. Оған қоса жиһаздың бағасы да әлдеқайда тиімді. Қалтаңды қақпайды.

Бүгіндері “Левин” жеке кәсіпкерлігі 50-ден аса жиһаз түрін шығарады. Жеке кәсіпкер мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудан шет қалмай, тиімді пайдаланып келеді. Мәселен, өткен жылы “Жол картасы 2020” бағдарламасы аясында өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында 3 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізген. Тынымсыз еңбектің арқасында кәсіпкерлік “Қазақстанның үздік тауары 2014” республикалық көрме-байқауында 1-ші дәрежелі дипломға қол жеткізді.

Владимир Левин – “Левин” ЖК атқарушы директоры, Қызылжар ауданы

– Өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен “Қазақстанның үздік тауары 2014” байқауында алған марапатымыз – мен үшін үлкен жетістік деп білемін. Осы бағындырған асумен тоқтап қалмай, алға қарай ұмтылмақпыз. Ол үшін жағдайымыз да, күшіміз де жеткілікті. Тек ерінбей еңбек ету керек. Жиһаз шығарушы орталығымыз құрылған уақытта өнім көлемі мен тауар түрлері аз болатын еді. Қазір жағдай мүлдем басқа. Мұның барлығы, мемлекет басшысының шағын және орта бизнес иелеріне жасап отырған жайлы жағдайының арқасы.

Жеке кәсіпкердің алға қойған мақсат-міндеті айқын, ол жиһаз түрлерінің санын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайту.

 

 

Бакыт Садуакасов.