Спорт

“Мен чемпионмын” балалар спорттық жобасының екінші кезеңі жалғасуда

Серік Нұрсейітов – Қызылжар ауданының балалар және жасөспірімдер физикалық дайындық кешенінің директоры

– Бізде жобаның алғашқы ойындары 5 зонада өтті. Олардан бірінші және де екінші орын алған командалар бүгін сынға түсетін болады. Жеңімпаз атанған құрама облыста ауданның намысын қорғамақ.

Алаңға “Парасат” мектеп-лицейінің “Жас қыран” командасы мен №2 Бескөл орта мектебінің “Достар” құрамасы шықты. Эстафетаны №2-і Бескөл орта мектебінің оқушылары белсенді бастағанымен жеңісті қолдан жіберіп алды.

Сара Кулахметова – “Жас қыран” командасының мүшесі

– Маған “Мен чемпионмын” балалар спорттық жобасы ұнауда. Қазір біздің басты қарсыласымыз Бескөл  №2-і орта мектебі. Қолдан келгенше тырысып оларды жеңеміз.

Жарыста мықтыны анықтау үшін командалар бір-біріне дес бермей, бар күштерін салып бағуда. Алайда спорттық дода болғандықтан, бірі құлап-сүрініп жатса, енді бірі жылдамдығын арттыра алмады.

4 сынның қорытындысы бойынша “Парасат” мектеп-лицейінің тәрбиеленушілері алға суырылып шықты. Жеңімпаз атануға жақын қалған команданы жанкүйерлері де қызу қолдауда.

– Мен “Парасат” мектеп-лицейіне қолдау көрсетіп отырмын. Олар жеңіске жетеді.

– Ойын қызықты, әрі тартысты өтуде. Барлығы керемет.

– Мен “Жас қыран” командасының жанкүйерімін. Оларға сәттілік тілеймін.

Барлық құрамаларды жанкүйерлер қанша қолдағанымен жеңімпаз бір-ақ команда атанады. Сонымен, сайыстың қорытындысы бойынша үздік үштікті Асаново орта мектебінің “Молния” құрамасы тұйықтады. Ал күміс жүлдені “Парасат” мектеп-лицейінің “Жас қыраны” еншілесе, аудандық жарыстың жеңімпазы Совхоз орта мектебінің “Спорт” командасы атанды. Енді, олар “Мен чемпионмын” балалар спорттық жобасының көктем айларында өтетін финалдық сынында Қызылжар ауданының намысын қорғайтын болады.

Юлия Головкина – “Спорт” командасының капитаны

– Барлық конкурстарға дайындалдық. Енді міне көп еңбектің жемісін көріп отырмыз. Өте қуаныштымыз.

Валерия Исаева – “Спорт” командасының мүшесі

– Демеушілерге және де ойынды ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз. Барлығы өте жақсы өтті. Көп әсер алдық.

Жалпы бұл күні өңір бойынша 6 ойын өтті.

Риат Шони.