Спорт

“Мен чемпионмын” балалар спорттық ойынының 2-кезеңі жалғасуда

Владимир Витченко, “Нұр Отан” партиясының қалалық филиялы саяси кеңесінің мүшесі

– Бүгінгі сайысқа қала мектептерінің 100-ден астам оқушысы қатысуда. Ойын өте тартысты өтуде. Кімнің жеңімпаз атанатынын болжау қиын. Әзірге финалға 4 команда шығып отыр.

Спорттық сайысқа қатысушылар бірнеше сыннан сүрінбей өтуі тиіс. Сондықтан әр ойыншы кедергілерді жылдам бағындырып, қарсыластарын артта қалдыруға тырысуда.

Венера Шаповалова, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

– Сайыстың бағдарламасы қызықты сындарға толы. Жарысқа қатысушылар баскетболшылардың эстафетасы, кедергілерден жүгіріп өту, капитандар сайысы, 30 секундтың ішінде скакалкада секіру сынды қиындықтарды бағындырады. Осы ойынға демеушілік еткен АКС компаниясы мен “Зенченко и К” командиттік серіктестігіне алғысымызды білдіреміз.

3-ші аймаққа топтасқан командалардың ішінде ақтық сынға 17-ші ұлттық өркендеу мектеп-кешені мен 42-ші мектеп оқушылары шықты. Олардың арасынан 1 және 2 орындардың иелері анықталмақ. Қос құрама да жеңістен үмітті.

Алексей Богданов, №42 орта мектептің оқушысы

– Бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Көп командаларды жеңдік. Енді, бас жүлдені алуға тырысып бағамыз.

“Мен чемпионмын” балалар спорттық ойынын тамашалап, жанкүйерлік танытқан оқушылардың қатары да бұл күні қалың болды.

– Мен 17-мектептің оқушыларына жанкүйерлік жасаудамын. Олар өте мықты команда.

– 17 мектептің командасы жеңіске жетеді. Өйткені, олар әрдайым сайыстарда бас жүлдені иеленіп жүр.

Сөйтіп, сайыс өз мәресіне жетті. Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды 17-ші ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары иеленді. Жеңімпаз команда “Зенченко и К” КС әзірлеген сыйлық мен дипломға ие болды.

Улукбубу Кокшубакова, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы

– Жарыс қиын болған жоқ. Біз жеңдік. Өте қуаныштымын.

Ал, екінші орыннан 42-орта мектептің оқушылары көрінді. Үздік үштікті 1-ші мектеп-интернаты қорытындылады. Оқушылар 14 команданың ішінен осындай нәтижеге қол жеткізгендеріне риза екендіктерін жеткізді.

Данияр Бектұрғанов, №1 мектеп-интернатының оқушысы

– Біз үшінші орынды алғанымызға ренжімейміз. Бастысы жеңіс емес, жарысқа қатысу. Біз бүгін АКС компаниясының мынадай сыйлықтарына ие болып отырмыз. Оған өте қуаныштымыз.

Осылайша, “Мен чемпионмын” балалар спорттық ойынында жеңімпаз атанған 17-ұлттық өркендеу мектеп-кешені облыстық кезеңге жолдама алды.

Ахметова Бану