МТРА жаңалықтары

Жаңа жыл мерекесі күндері СҚО-да 21 өрт оқиғасы орын алып, 1 адам қаза тапты

Өрт қаңтардың төрті күні орын алды. Кезекшілік пультке қоңырау күндізгі сағат 12-ден 39 минут кеткенде түскен. Содан соң өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жетіп, тілсіз жауды ауыздықтады. Болжам бойынша қызыл жалынның шығуына электр қазандығындағы сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері мен тәртіп сақшылары мәселенің ақ – қарасын анықтап жатыр. Ал зардап шеккендердің көршісі Гүлжаухар Әлімова болса, жедел жеткен өрт сөндірушілерге ризашылығын білдіруде.

Гүлжаухар Әлімова – Петропавл қаласының тұрғыны.

– Қоңыраудан соң 5 минут ішінде өрт сөндірушілер келді. 15 минут ішінде қызыл жалынды толықтай сөндірді. Жұмыстарын тиісті деңгейде атқарды. Үлкен рахметімді айтамын.

Жалпы төрт күн ішінде облыста 21 өрт оқиғасы тіркелген екен, материалдық шығын 2 миллион теңгеден асып жығылады. Тілсіз жау 67 жасар Тайынша ауданы тұрғынының өмірін қиды.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім бастығы.

– Қаңтардың бірі күні Тайынша ауданына қарасты Чкалово селосында баспана жанып кетті. Айта кету қажет оқиға таңғы сағат 10 кезінде орын алды. Тілсіз жаудың шығуына 1948 жылы туған үйдің иесі кінәлі. Ол спирттік ішімдік ішіп, темекі тұқылын сөндірместен ұйықтап қалған. Жалпы 2014 жылы тілсіз жау 47 адамның өмірін қиды.

Ал Петропавлда 7 өрт оқиғасы тіркелді. Пиротехникалық құралдарды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан көпқабатты үйлердің біріндегі балконды қызыл жалын шарпыған.

Дмитрий Растихин – Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы.

– Жаңа жылдық отшашу барысында Жуков көшесі 23 мекен-жайында орналасқан көпқабатты үйдің балконы жанып кете жаздады. Тілсіз жау біздің мамандар келгенше ауыздықталды. Қазір материал ішкі істер органдарына жіберіледі. Алдағы уақытта тиісті шешім қабылданады.

Айта кету керек жаңа жыл мерекесі күндері төтенше жағдайлар қызметкерлері қалың қардың құрсауынан 49 техниканы шығарып, 195 адамға көмек көрсеткен екен.

Джакупов Самат.