МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар қой жылының құтты боларына сенімді

Солтүстікқазақстандықтар жылқы жылы жаман болған жоқ, керісінше, есте қаларлық жағымды сәттер көп болғанын айтады. Жерлестеріміз төрт түліктің ішінде семіздікті қой ғана көтереді әрі ол сабырлы жануар сондықтан 2015 жыл халық үшін жайлы, молшылық боларына сенеді.

– Бала-шаға, қарияларымыз аман болсын!

– Жаңа жылда халықтың әл-ауқаты жақсы болсын. Жастарымыз абұйырлы, ақ жүзді болсын!

– Өзім жылқы жылы мектеп бітірдім, ағам үйленіп, балалы болды. Баршаңыздың қой жылында ниеттерің қабыл болсын.

Мәжитовтер әулеті – Қазақстандағы мерейлі отбасылардың бірі. Отағасы Әлімжан Мәжитов – халық ағарту ісінің озық қызметкері. 52 жылын білім беру саласына арнаған. Кезінде әкенің игі істері мен тәрбиесін алған ұлдары бүгінде еліміздің бетке ұстар азаматтары. Тұңғышы Марат Мәжитов генерал. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше алғысына ие болған.

Кенже баласы Ерік- майор, қызы Бақытжан 20 жыл темір жол саласында архитектор, бас есепші болып қызмет еткен. Бүгінде олардың жолын ұрпақтары жалғастырып келеді. Олар осындай жетістікке өлшеусіз еңбектің арқасында қол жеткіздік деп отыр. Жылқы жылы Әлімжан ата мен Сәпия әже 80 және 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Және олардың шаңырақ көтергеніне тура 60 жыл толды. Қариялар бүгінде 5 баласынан 8 немере, 9 шөбере көріп, олардың тәрбиесіне де өз үлестерін қосуда.

Сәпия Мәжитова, зейнеткер

– Міне, көріп, естіп жатырмыз көп жас жаңа үйдің кілтін қолдарына алып жатыр. Соған ризамыз. Мына өтіп бара жатқан жылқы жылына дән ризамын. Енді келер қой жылында елімізге мамырлаған, момын заман тілеймін.

Көпті көрген ақсақал Әлімжан Мәжитов ескі дәстүр бойынша қой жылы қаңтардың 1-і емес наурыздың 22-сі басталады. Және жыл ауысқан уақытында сол күнен бұрын немесе бір күнен соң күн бұлттанып я болмаса жаңбыр жауады дейді.

Әлімжан Мәжитов, Халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері, тыл еңбеккері

– Қой киелі түліктің бірі. Қой қозысын туған уақытында ыңыранып қошақайының құлағына өзінің дауысын сіңіреді. Ондай қасиет басқа малда бар, бірақ азғантай. Өздері бір-біріне үйір болғандықтан қойды бағу оңай. Және де 1 үйдің қойы 2-ші отарға араласпайды екен. Ол отарды ең үлкен қой басқаларын бастап жүреді. Міне, олардың бірлігі сондай.

Кейбір жылнамаларда қой белгісін иеленгендер өзімшіл, сабырсыз, ашуланшақ, қыңыр болып келеді деп сипатталады. Бірақ Әбу Досмұхамбетов атындағы СҚО дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі Жадыра Зұлқарнаева бұл пікірмен келіспейді. Ол қой жылы туған оқушыларын жақсы қырларынан ғана танып жүрмін дейді.

Жадыра Зұлқарнаева, Әбу Досмұхамбетов атындағы СҚО дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі

– Шыңғысхан үздік оқушылардың қатарында. Ол математика, тарих және жаратылыстану бағытындағы сабақтарды өте жақсы оқиды. Шыңғысханның адамгершілігі мол. Үлкендерді сыйлайды. Және де өзінің қатарлас сыныптастарына әрдайым қол ұшын беруге даяр тұрады. Ешқашан да жоқ демейді және ешқашан да мұңаймайды.

Шыңғысхан Сейдалиев, Әбу Досмұхамбетов атындағы СҚО дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 6-сынып оқушысы

– Мен “Ақбота” зияткерлік сайысынан 1-ші орын, кенгурудан 2-ші орын алдым. Және де Қазақстан интернет олимпиадалары, успех жарысынан жүлделі орын алдым. Оған қоса мен бос уақытымда математикадан логикалық есептерді шығарғанды ұнатамын.

“Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл – көсір” деген сөздерде терең ұғым бар. Халқымыздың тұрмыс тіршілігі, күнкөріс көзі қой шаруашылығымен тіркелей тамырласып жатыр. Хайыр Каскербаев үлкен фермерлік қожалығының басшысы әрі білікті мал дәрігері. Бүгінде оның иелігінде 300 бас қойы бар.

Хайыр Каскербаев, “Көк бөрі”фермерлік қожалығының меңгерушісі, Аққайың ауданы

– Өткен жылы астық жағы жақсы бола ма деп ойлағанбыз, көп халық қиыншылық көрді. Егіндерін ала алмады, астық далада қалды. Ондай жағдай енді қой жылы болмасын. Алдағы жылымыз ерекше болсын. Семіздікті қой ғана көтереді деп айтады ғой. Міне, осы қой жылында молшылығымыз болсын. Оны және де көтере білейік.

Кәсіпкер қой киелі жануар. Шопан ата төлі жем-азықты талғамайды. Әрі бір-біріне үйір болғандықтан оларды бағу қиын шаруа емес дейді.

Берик Касен.