МТРА жаңалықтары

Жаңа жылда өңір құтқарушылары сақ болуды ескертеді

Тұрғындармен әңгімелесіп, есркетулер жасауда. Сол себепті де бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қаламыздағы сауық кешендері, дәмханалар мен мейрамханалардың иелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Соңғы уақытта тұрғындар мерекені осындай жерлерде өткізуді әдетке айналдырған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаңа жыл күні төтенше жағдайлар саны артады. Сондықтан, барлығы да сақ болу керек дейді мамандар.

Ербол Мұханбеталин, Петропавл қалалық ТЖБ аға инженері.

-Бүгін бизнесмендермен дөңгелек үстел ұйымдастырып, мерекені өткізу үшін барлық қауіпсіздік шараларын түсіндіреміз. Өйткені бүгінгі күні қаламызда 234 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Одан келген шығын 45 млн. теңгеден астам сомманы құрайды. Өрттен 17 адам қаза тапты. Оның 4-еуі бала.

Облыстағы жағдайға келер болсақ, соңғы үш жылда желтоқсанның 25-і мен қаңтардың 7-сіне дейін өңірде 120 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалын 16 адамның өмірін қиған. Өрттің орын алуына басқа да заттар себеп болуы ғажап емес. Ол жарылғыштар мен отшашулар. Бұл заттарды жаңа жыл қарсаңында кез-келген жерден сатып алуға болады. Көпшілігі оларды қалай пайдалану керектігі мен сапасына көңіл бөле бермейді.

Денис Шуваев, СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

-Жаңа жыл қарсаңында кез келген базар, сауда орындардың маңайында жаңа жылдық от шашулар мен түрлі ойыншықтар сатылады. Олар үшін біз рейдтік шараларды жүргіземіз. Бүгінгі күнге дейін 500-ден астам пиротехникалық заттар тәркіленді. Оны сатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өңір құтқарушылары барынша сақ болу керектігін ескертеді. Әсіресе, үйін пешпен жылытып отырған тұрғандардың құлағына алтын сырға. Өйткені, жеке сектордағы баспаналарда биылғы жылдың өзінде 585 өрт оқиғасы тіркелген.

 

 

Бану Ахметова.