Қоғам

Жамбыл ауданындағы ҰОС ардагерлері құрметке бөленді

Алексей Тимошенко – Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл ауданы.

-Курск доғасында ұрысты аяқтаған соң, біздің 96-шы дивизиямыз бірінші Белорусь майданына ауысты. Біз Польша мен Белорусьтен өтіп, соғысты Кенисберг қаласында аяқтадық. Совет үкіметінің жеңгенін естігенде аспанқа оқ жаудырып, бас киімдерді көкке лақтырып, қуандық.

94 жасар ардагер бүгінде 2 қыздың әкесі. Сонымен қатар 6 немере мен 7 шөберге ата болып отыр. Майдангерді жаңа жыл қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың атынан Жамбыл ауданының әкімі Иван Турков құттықтады.

Дәл осы күні аудан басшысы Василий Савинковты да қуанышқа бөледі. Бүгінде 88 жасқа келген ардагер 1945 жылдың 9 мамырын Эльба қаласында қарсы алған. Жерлесіміз әскерден 1950 жылдың қазанында ғана еліне оралған. Зейнетке шыққанға дейін өз ауданында “Қазақтелекомда” инженер болып қызмет еткен. Толарсақтан су кешіп, елді жаудан азат еткен қарияға аудан жетекшісі Тұңғыш Президенттің жеке қолтаңбасы қойылған ашық хатын табыстап, жаңа жылдық дастарханға жаятын тәтті-дәмді мен азық-түлік толы себет пен бір құшақ гүл сыйлады.

Василий Савинков – Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл ауданы.

-Жеңісті Эльба қаласында қарсы алғаннан кейін, жарты айдай сонда болдық. Кейін Украинаға өзіміздің казармамызға келдік. 50-шы жылға дейін Отан алдындағы борышымды өтеп, аман-есен еліме оралдым. Осындай сый-құрмет үшін Президентке алғысымды айтамын. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көп көңіл бөлінеді. Зейнетақымыз да, жәрдемақымыз да уақытылы беріліп тұрады, барлығы жеткілікті.

Жалпы бүгін аудан әкімі 8 майдангердің қал-жағдайын біліп, елбасының ыстық сәлемін жеткізіп, жаңа жыл қарсаңында гүл шоқтары мен дастарханға базарлық тарту етті.

Иван Турков – Жамбыл ауданының әкімі.

-Ұлы Отан соғысының ардагерлері осы ашық аспан астындағы бейбіт өмірді қан мен тер төгіп біз үшін алып берді. Солардың арқасында қазір өскелең ұрпақ еркіндікте өмір сүруде. Келесі жылы Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай ауданда біраз шаруалар тындырылмақ. Үлкен думан ұйымдастырып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың құрметіне орнатылған стелланы жөндемекпіз.

Қазіргі таңда өңір бойынша 287 соғыс ардагерлерінің көзі тірі. Олардың соғыс жылдары ұрыс даласында, тылда көрсеткен ерліктерін ешкім де, ешқашан да ұмытпайды.

 

 

Риат Шони.