Билік

Петропавлда Президенттік шырша өтті

Міне бүлдіршіндер тағатсыздана күткен мереке басталды. Қызықты думан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балалары мен оқу үздіктерінің басын қосты. Ертегі кейіпкерлері еліміздің кішкентай тұрғындарын қызықты саяхатқа шақырып, ару ханшайым-Астанамен бірге ел Президентінің жаңажылдық бейнеқұттықтауын тыңдады. Балдырғандардың барлығы Елбасының жас ұрпаққа арнаған тілегін ерекше ықыласпен тыңдады. Қазақстанның үлкен тату отбасының үлгісі болып табылатынын атап көрсеткен Президент, балғындардың оқуда озат болуларына тілектесті.

Нұрсұлтан Назарбаев- ҚР Президенті

 

 

– Қымбатты балалар! Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде, өнегелі балалар жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл ең алдымен кішкентай балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барлық балаларды жаңа жыл мерекесімен құттытаймын. Біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір барша жұрт қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай елде өсіп жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Ата-аналарыңызды қуантып, зейінді де зеректі, білімді де білікті ұрпақ болыңыздар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Барлық өңірлерде жаңа мектептер салынуда. “Өнерлі өрге жүзеді” дейді дана халқымыз. Өнер- білімнің кені,өркенді елдің теңі болыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша, базарлы балалықтың белгісі. Шырайлы осы шыршадай жайнап өсе беріңіздер. Болашақтарың баянды болсын!

Кейін мерекелі кешке қатысқан әр балғынға Елбасының атынан сыйлықтар табыс етілді. Содан соң жеткіншектерге өз құттықтауын облыс әкімі Ерік Сұлтанов арнады.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Бұл Елбасының барша жас қазақстандықтар үшін жасаған үлкен сыйы. Елімізде жас ұрпақтың жақсы оқуына, өсуіне, дамуына барлық жағдайлар жасалған. Қымбатты балалар 2015 жыл қуаныш, шаттық әкелсін. Жаңа жыл құтты болсын.

Президенттік шыршаның бас қаһармандары өз кезегінде өңір жетекшісіне алғыс айтып, келер жылдың нышанын сыйға тартты. Ал жас өнерпаздардың әзірлеген концерттік бағдарламасы мерекелік кештің ажарын аша түсті.

Зал ортасында зәулім шырша қойылыпты. Кейін мейрамға келген балғындарды Аяз Ата, Ақшақар мен сүйікті ертегі кейіпкерлері қарсы алып, ойын-сауық әсем шыршаның маңында жалғасты. Олар облыс әкімімен қол ұстасып, әсем де көрікті жасыл желекті айналды. Әр бала көздің жауын алатын түрлі мерекелік костюмдер киіп келген екен. Тайынша ауданынан келген Рахат Қайыржанов келер жылдың символы- қойдың образын таңдапты.

Рахат Қайыржанов- Тайынша аудандық № 5 орта мектептің 4 сынып оқушысы

– Алда қой жылы келе жатыр сондықтан осы костюмді киіп келдім. Оны маған апам жасауға көмектесті. Оны қойдың жүнінен және материалдан жасадық.

Осы жерде ең таңдаулы жаңажылдық киім үлгілері байқауының жеңімпаздары анықталды. 13 бүлдіршін ынталандыру сыйлықтары, ұялы телефондармен марапатталса, тағы 9 балғын 1-2-3 орындарға тұрақтады. Оларға үй кинотеатры, телевизор және фотоаппарат табысталды. Ал бас жүлде мен ноутбукті «Нұрлы жол-Болашаққа бастар жол» киім үлгісі үшін Айыртау ауданындағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының балғындары Анжела Сурнина мен Әлімжан Әріпов жеңіп алды.

Анжела Сурнина

– Менің костюмім «Қазақстан- алтын бесік» деп аталады. Ол бір шаңырақ астында бірнеше ұлттық татулығы мен жарқын болашағымыздың нышаны іспетті. Мұндай киіммен жүру қиын шаңырақ барлығы қисайып кетпес үшін түзу жүру қажет. Өзімнің жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын.

Жалпы кеш балғындар көңілінен шықты.

– Маған барлық балалардың киген киімдері ұнады. Мерекеде көңілді өтіп жатыр. Маған ұнады.


– Біздің шырша ең әдемі болды. Жалпы маған бүгінгі кеш ұнады.

 


– Шырша ұнады. Ол өте әдемі болды. Мен бүкіл балаларды құттықтаймын.

Мерекелік шара аясында балғындар облыстық өлкетану мұражайына, Абылайхан резиденциясы мен аквапаркке саяхаттамақ.

Магжан Ахмадина.