Билік

“Нұр Отан” партиясы сайлауалды тұғырнамасының орындалуы талқыланды

Ерік Сұлтанов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі

– Қазір білімнің сапасына көңіл бөлу керек. Егер кең жолақты интернетпен қамту деңгейі 70 пайыз болса, оны мүмкіндігінше 90 пайызға дейін жеткізу керек. Оны жүзеге асыру үшін тек бюджеттің ғана емес, шаруашылық жүргізуші субъектілердің де қаржысын тартқан жөн. Сондай-ақ, Петропавл қаласында келесі жылы балабақшаларда 1 мыңнан астам орын ашу керек. Бұл оңай емес. Мәселені жеке инвестициялық қаржы арқасында шешуге болады. Біз қойылып отырған барлық тапсырмаларды орындау қажетпіз.

“Шағын және орта кәсіпкерлік” бағыты бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баян еткен облыстық мәслихаттың депутаты Гюлага Илдырымов өңірде аталған сала бойынша өсім байқалады деді.

Гюлага Илдырымов – облыстық мәслихаттың депутаты, “Наурыз – 2030” ЖШС бас директоры

– Бүгінде шағын және орта бизнес саласында 24 мың субъекті белсенді түрде жұмыс істейді. Олар арқылы 135 мың адам қамтылған. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында 4,4 млрд. теңге трансферт бөлінді. Оның 1,2 млрд-ы биылға бағытталған.

Жыл басынан бері өңірде 14 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 6 700-ден артық тұрақты, 567 маусымдық жұмыс орны құрылған. Қоғамдық жұмыстарға екі қолына бір күрек таба алмай жүрген 3 мыңға жақын адам жұмылдырылған.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл бағыттағы жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу қажет деді.

Ерік Сұлтанов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі

– Қазіргі уақытта кәсіби білікті мамандар тапшы. Бүгінде сан-салаға жеткізіліп жатқан құрылғылар да заманауи. Сол себепті, бұрынғыдай дәрежесі жоғары кадрларды іздеу міндетті емес. Оларды нарық талаптарына сай мамандықтарға оқыту қажет.

Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамти білген азаматтарды қолдау жағын ұмытпау қажет. Жиында инновациялық экономика бағыты бойынша атқарылатын ауқымды жоспарлар да жария етілді.


Ерік Сұлтанов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі

– Келешекте майлы дақылдарды өңдейтін екі ірі зауыт салу келісіліп қойды. Әрине, оларда тың технологиялар қолданылады. Сол себепті, өңбек өнімділігін арттыруда осы үрдісті қызу қолға алу қажет.

Облыста Елбасының тіл саясаты да жоспарлағандай жүзеге асуда. “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының” облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырманның айтуынша, 91-ші жылдары Қызылжар өңіріндегі қазақ балаларының небары 25 пайызы ғана ана тілінде білім алған болса, қазір бұл көрсеткіш 65 пайыздан асқан.

Кәрібай Мұсырман – облыстық мәслихаттың депутаты, “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” ҚБ облыстық филиалының төрағасы

– Облыс орталығында Кеңес өкіметі тұсында қазақша оқытатын жалғыз-ақ облыстық мектеп-интернат бар еді, ал қазір Петропавл қаласындағы таза қазақ мектептерінің саны 6-ға жетті. Оларға қоса 15 орыс мектебі аралас мектептерге айналдырылды.

Жиын барысында әрбір сұрақ егжей-тегжейлі қарастырылып, ұсыныстар жасалды. Отырыс соңында бірауыздан тиісті қаулы қабылданып, партияның депутаттық фракциясының ережесі бекітілді.

Данаш Хамзина.