Қоғам

Прокуратура жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Нұрлан Сапаров- СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры

– Мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеуге кезекке қою және жіберу тәртібінде де заңбұзушылықтар анықталды. Тіпті жекелеген аудандарда кей мүмкіндігі шектеулі жандар соңғы жылдары оңалту жоспары шеңберінде уақытында ем ала алмай жүр. Жарымжандарды жұмыспен қамту мәселесі де ақсап тұр. Мысалы, тексеріс барысында Петропавл қаласында тұратын азаматтың бірі курьер қызметіне орналасқаны белгілі болды. Ал ол тұрғыннан жауап алу барысында азаматтың ешқайда жұмыс істемейтіндігі, тіпті оның өздігінен қозғала алмайтындығы анықталған.

Тексеріс барысында мүгедектерді тифлотехникалық құралдармен қағаз жүзінде ғана қамтамасыз ету фактілері де анықталған. Мұндай жайттар Шал ақын ауданында тіркеліпті. Жиында аталған мәселелерге қатысты жауап берген облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев кінәлілер жауапқа тартылғандығын айтты.

Асқар Сақыпкереев- СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы

– Шал ақын ауданында шынымен де келеңсіз оқиға орын алған. Көзі нашар көретіндерге арналған құралдар аудандық бөлім басшының бөлмесінде табылған. Қазір ол жазаланды.

Жалпы тексеріс қортындысы бойынша 14 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қазір олар бақылауға алынған. Кейін қоғамдық кеңес мүшелері әсіпкерлердің құқықтарын қорғау жайын қарастырды. Шағын және орта бизнес өкілдерін заңсыз тексеруге мораторий жарияланған болса да, бұл кейбіреулерге тосқауыл болмаған сыңайлы.

Айдар Мұқанов- Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бөлім басшысы

– Бізде бұл заңды өрескел бұзудың бір фактісі анықталған. Яғни, бақылаушы орган шағын бизнес өкіліне тексеріс жұмыстарын жүргізген. Қазір аталған іске қатысты мекеме мамандары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілеріне 6 мыңнан астам тексеріс жүргізілсе, мораторий жарияланғалы бері, яғни биыл тек 1000 бақылау шарасы орын алған.

Магжан Ахмадина.