Ауыл шаруашылығы

Өңірдегі сүт өндіруші зауыттар жұмысын тоқтатқан жоқ

Тамара Михайлова, “Масло-Дел” ЖШС-нің Петропавл қалалық филиалының директоры

– Қажетті шикізатты өңір аудандары мен көршілес Ақмола облысынан тасымалдаймыз. Ақты жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына, фермерлерден жинаймыз. Қазір 1 литр сүтті 95 теңгеден сатып алудамыз. Кейін оны біз Швеция королдігінен алынған қондырғының көмегімен қайта өңдеп, 140-250 теңгеден сатудамыз. Күніне 70 тонна ақ өңдейміз. Қайта өңдеуден өткен өнімдерімізді 7 күн немесе 6 ай сақтауға келеді. Қазіргі уақытта шикізаттан ешқандай таршылық көріп отырған жоқпыз. Сүт жеткілікті.

“Масло-Дел” серіктестігінің филиалы биыл май және құрғақ сүт үшін мемлекеттен 440 млн. теңгенің дотациясын алған. Мұндай көмекті сүт тапсырушы ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкерлер мен фермерлік шаруашылықтар да сезініп отыр дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев.

Алтынбек Абдуллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары

– Жыл басынан бері СҚО-да 450 мыңнан астам тонна сүт дайындалған болса, соның 200 000 тоннасы қайта өңдеу зауыттарына жіберілді. 2013 жылмен салыстырғанда биыл сүтті қайта өндейтін кәсіпорындардың саны артқан. Олар бүгінде жұмысын тоқтатпай, бір қарқынмен жұмыс істеп келе жатыр. Әсіресе солардың ішінде Масло-Дел ЖШС, “Зенченко және К” КС, МолСоюз ЖШС, Молпродук ЖШС-гін ерекше атап кетуге болады.

Биыл “Масло-Дел” Петропавл қалалық филиалы үшін жемісті жыл болды. Өңдеуші кәсіпорын үстіміздегі жылы 3,5 млрд теңгенің өнімін саудалаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары көрсеткіш екен.

Берик Касен.