МТРА жаңалықтары

Жаңа жыл мерекесі алдында сақтық шараларын ұстану керек

Жазира Қожахметова- СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі және алдын алу басқармасының бас маманы

– Жаңа жыл күндері мерекені бұзбау үшін өрт қауіпсіздігі және пиротехникалық құралдарды қолдану ережелерін сақтаған жөн. От шашу құрылғыларын тек сертификатталған орындардан алу қажет. Өнімдерді қолданғанда да өрт қауіпсіздік ережелеріне баса назар аудару керек. Балаларды бақылауда ұстап, сақтық шараларын ескерген жөн.

«Сақтансаң сақтаймын» деген қағиданы ұстанған өрт сөндірушілер түрлі алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Рейдтік шаралар өткізіп, жағдайды бақылауға алған. Өткен жылы осындай алдын алу шаруалары өз нәтижесін беріп, заңсыз саудадан 1651 пиротехникалық құралдар алыныпты. Мұндай әрекетке барған жеке тұлғалар 3, ал заңды және лауазымды тұлғалар 25 АЕК дейінгі айыппұл төлейтін болады. Құтқарушылар көп жағдайда оттың шығуына тұрғындардың салғырттығы себеп дейді. Оған статистикалық мәліметтер куә.

Дмитрий Растихин- СҚО ТЖД Петропавл қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы

– Жыл басынан бері Петропавл қаласында 213 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың 77-сі отпен абайсыз болғандықтан орын алса, 67-сі электроқұрылғыларды дұрыс қолданбағаннан тұтанды. Тағы 40 жағдай пештерді қауіпсіздік ережелеріне сай қолданбағандықтан болған. Олардан келген шығын 43 млн теңгені құрап отыр.

Жалпы мамандар 2013 жылдың өткен мерзімімен салыстырғанда биыл өрт оқиғалары санының 1,91 пайызға артқандығын алға тартып отыр.

Осындай апаттардың бірі бүгін Ойқала ауданындағы Дубинина көшесі бойындағы үй маңындағы моншада орын алды. Абырой болғанда, зардап шекендер жоқ.

Данияр Ақжігітов- СҚО ТЖД Петропавл қаласындағы №3 арнайы өрт сөндіру бөлімінің аға инженері

– Бізге қоңырау 12 ден 21 кеткенде түсті. Бірден 2 көлік пен 9 құтқарушы өрт орын алған жерге келді. 3 шаршы метр аумақты алып жатқан монша отқа ораныпты. Жарты сағат көлемінде жалынды ауыздықтадық. Абырой болғанда қора-қопсы моншадан алшақтау орналасқан екен. Сондықтан, от тарап кетпеді.

Қазір мамандар өрттің шығу салдарын анықтауда.

 

Магжан Ахмадина.