Спорт

Спортшыларымыздың биылғы жылғы жетістіктері қорытындыланды

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры

– Бүгін біз жерлес спортшыларымыздың қол жеткізген жетістіктерінің жылдық қорытындысын жариялағалы отырмыз. Толағайларымыздың табысы биыл мол. Мектеп оқушылары арасында өткен жетінші жазғы спартакиадада СҚО командасы 3 орынды иеленді. Бұл өңір тарихында алғашқы рет орын алды.

Қазіргі таңда солтүстікқазақстандық 30 пайызы спортпен шұғылданады. Бүгінгі жиында
жыл бойына тынымсыз еңбек етіп, жоғары жетістіктерге жеткен жерлестеріміз марапатқа бөленбек.

Еркебұлан Боранғалиев – еркін күрестен VII жазғы спартакиада жеңімпазы

–  Бүгін мені жазғы спартакиададағы жеңісім үшін марапаттағалы отыр, оған мен әрине қуаныштымын. Еңбегім еш кетпеді.

Көп ұзамай “Жыл қорытындысы – 2014” шарасында ел біріншілігінде жақсы өнер көрсетіп, түрлі сападағы медальдарды еншілеген спортшыларды марапаттау рәсімі де басталды. Түрлі рекордтарды жаңартқан толағайларды жаттықтырған бапкерлер де назардан тыс қалмады. Жылқы жылында құралайды көзбен ататын біздің сұр мергендеріміз де қуаныш сыйлады. Олар мамыр айында Алматы қаласында дартстан өткен ел чемпионатында биік тұғырдан көрінді. Додаға барған 8 жерлесіміздің барлығы алтыннан алқа тағынып, жалпы командалық есепте лайықты бірінші орынды жеңіп алды.

Дамир Тастанов – дартстан спорт шеберіне үміткер

– Алматыда жолымыз болды. Бүгін сол еңбегіміз еш кетпей, еленіп отыр.

Сонымен қатар, алғашқы әскери дайындық пен дене шынықтыру пәндерінің үздік мұғалімдері де марапаттарға ие болды. Айта кету керек, биылғы жылы араға 12 жыл салып балалар арасында “Мен – чемпионмын” атты спорттық тележоба қайта жанданды. Ұйымдастырылған шара аясында өңір бойынша 446 ойын өткен. Бұл өскелең ұрпақты болашақта салауатты өмір салтын ұстануға өз септігін тигізбек.

 

Риат Шони.