Билік

Петропавлда жабық хоккей алаңы ашылды

Қары қалың, қысы қаһарлы болып келетін Солтүстік Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің жақсы дамығандығы белгілі. Әсіресе алты ай қыста спортшыларды шаңғы мен конькиге тұрғызу мақсатында өңірде атқарылып жатқан шаралар көп. Соның бір айғағы – мынадай хоккей қораптарының ашылуы деді жұртшылықты мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-Құрметті жерлестер тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Елбасы Н.Назарбаев бұқаралық спорт мәселесіне ерекше мән береді. Облысымызда бұл бағытта шаралар жүргізіліп жатыр. Соның бір дәлелі – осы хоккей алаңының ашылуы. Жаңа мұз айдыны жасөспірімдерді салауатты өмір салтына тәрбиелеуде маңызы ерекше.

Мұнда келген 4 мектеп лигасының құрамаларына тағы бір сыйлық табысталды. Оларға облыс әкімі хоккей формасын тарту етті.

Сайын Ерсайын- «Балдырған» командасының капитаны.

-Сізге рахмет осындай алаң үшін. Енді осы жерде жаттығып, тәжірибемізді шыңдайтын боламыз.

Кейін балғындар өңір жетекшісіне допты таяқ сыйлады.

Өскелең ұрпаққа коньки теуіп, жастайынан қысқы спорт түрлеріне машықтануға мүмкіндік беретін нысанның құрылысы қазан айында басталыпты. Оны тұрғызуға кеткен 15 млн. теңгеден астам қаржыны «Цесна банк» АҚ СҚОФ бөлген.

Кұлыбек Шопанов- «Цесна банк» АҚ СҚОФ директоры.

-“Цесна банк” спортты дамытуға өз үлесін қосуға даяр. Әсіресе, балалар спортын дамытуға мол мүмкіндік бар. Сондықтан, облыс әкімдігінің осындай жақсы бастамасынан біз де шет қалмай, қатысып жатырмыз. Жалпы бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу – әр адамның міндеті деп ойлаймын.

Жабық хоккей алаңы енді осы жердегі ойын балаларының сүйікті орнына айналмақ. Жақын маңдағы балғындар мұндай нысанның пайда болғандығына қуанышты. Енді алысқа бармай-ақ, осы жақын маңда жаттығуға мүмкіндік туды.

Жуық арада мұнда жарыстар басталады. Кортта кәсіпқой спортшылар ғана емес, әуесқойлар да бақ таластыра алады.

Валерий Евдокименко- Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

-Бұл ауданда көпқабатты үйлер көп. Балғындар да жеткілікті. Сондықтан алаң сұранысқа ие. Балаларға қажетті деп ойлаймыз. Нысан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қармағында болады. Конькилер жеткіншектерге тегін беріледі.

Аталмыш нысан Петропавлдағы алғашқы жабық хоккей алаңы болып саналады. Оның ені 20 метр болса, ұзындығы 40 метрді құрайды. Келешекте бұндай корттардың санын арттыру жоспарда.

 

 

Магжан Ахмадина.