Білім

Петропавлда Тәуелсіздік күнінде 50 орынға арналған балабақша ашылды

Осы қуанышты сәтке орай “Достық” балабақшасының алдына жиналған қауымды Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағамбетов құттықтады.

Марат Тасмағамбетов – Петропавл қаласының әкімі.

-Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын қысқарту үшін қаламызда мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясында да балабақша іске қосылуда. Бұл Петропавл қаласының бүлдіршіндері мен ата-аналары үшін зор қуаныш. Балабақшаның табалдырығын аттаған бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі еліміздің жарқын болашағын негізін қалайтын мықты азаматтар боларына сеніміміз мол.

Бұдан кейін жаңа балабақшаның салтанатты түрде таспасы қиылып, қала әкімі ғимараттың материалдық жабдықталуымен танысты. Ал ойын қызығына түскен бүлдіршіндер де өз кезегінде қонақтарға бал тілдерімен тақпақ айтып берді.

Бүгін мұнда өз баласын Әсел Уаисова да ертіп келді. Ол балабақшаның дәл үйінің жанынан ашылғанына қатты қуаныпты.

Әсел Уаисова.

-Осы қалаға келгенімізге 3 жыл болды. Келгеннен бері кезекке тұрдық біздің әкімдікке, 2 жыл болды сонда тұрғанымызға. Осындай балабақшаға да қол жетті. Өте ыңғайлы, үйімізге де жақын.

Әселдің ұлы – 3 жастағы Жангелдіге балабақшада өте қызықты. Ойын баласы бірден ана-мынаны түртіп, ойыншықтармен танысуда. Аяз атаның қолынан кәмпит алу үшін тақпақ та жаттап алыпты.

Бұл екі қабатты ғимаратта бұрын өндіріс орны орналасып, он жыл бойы лимонад шығарылған екен. Сосын жеке кәсіпкер Владимир Дивисинге балабақша ашу туралы ой келіп, іске кіріседі. Жөндеу жұмыстарын асықпай, бір жыл көлемінде жүргізген екен. Оған шамамен 5-6 млн теңге жұмсалыпты.

Владимир Дивисин – “Достық” балабақшасының директор.

-Балабақшаны өзіміздің қаржымызға аштық. Бірақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолдау көрсетіліп, қалалық әкімдікте балабақша кезегінде тұрған балалар осында жіберілді. Мұндағы бүлдіршіндердің жасы 3 пен 5 аралығында. Тәрбие жұмысымен 15 адам айналысады.

Айта кету керек, балабақша жеке меншік болып саналғандықтан, қызметі ақылы, айына 18 мың теңге төлеу керек. Әзірге, тәрбие жұмысы мұнда орыс тілінде жүргізіледі. Бірақ, мекеме басшысы Владимир Дивисин қазақ топтарын да ашуды ойластырып жүр.

Жалпы, Петропавл қаласында “Балапан” бағдарламасы аясында 4 жылдың ішінде жеке меншік 11 балабақша ашылған екен. Оларда қазір мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің көмегі зор дейді әкімдік өкілдері. Бүгінде осылайша жеке меншіктегі балабақшаларда 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту көрсеткіші облыс орталығында 83,5 пайызға жеткен.

 

 

 

Данаш Хамзина.